Көк ала үйрек көрсем, нар Кемпірбай есіме түседі…

Көк ала үйрек көрсем, нар Кемпірбай есіме түседі…

 

Иә, шежірелі Семейге, замананың кескіні мың құбылғанда өрлігін жоғалтпаған  өр Семейге барған сайын тылсымын иіріміне бүгіп жатқан қарт Ертістің жағасынан ағынға қарсы суды бұйралай жүзіп жүрген үйректерді көргенде  Кемпірбайдың арызы  құлағыма келіп тұна қалады. Суырып салма ақындығымен, әрі әншілігімен аты шыққан, халқының мол мұрасынан сусындап  ақындық өнерді дамытуға, байытуға кең ауқымды үлкес қосқан  нар Кемпірбай. «Адамның басы – алланың добы» болмаса  Кемпірбай Бөгембайұлы  1834 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында дүниеге келіп, 1895 жылы шығысқа жетіп, Семейде ауыр сырқаттан  көз жұмар ма еді.

       Әсет ақынның Кемпірбай ауырып жатқанда арнайы келіп, өлеңмен көңілін сұрағаны, оған Кемпірбайдын қайтарған жауабы - көркемдік жағынан қазақ айтысының тамаша фольклорына айналды.

Әл үстінде жатқан өнерпаздың  өз бойындағы ақындық дарыны өзін біржолата тастап ұшқалы тұрған көкала үйрегі Семейге барған сайын көз алдыма келе қалады. Кемпірбайды жеті  жасынан бастап ақындықтың иесі - Дәуіт пайғамбар иектеп, ақындық өнерді дарытқанын:

Ер Дәуіт жеті жаста иектеген,
Жасынның суын ішіп құдығынан.
Тереңдеп сырдың суы қаптаса да,
Сонда да келмеуші еді жұлығымнан, - деп, бейнелеп, тұспалдап шебер жеткізеді.  Кедей отбасынан шыққан «кедейліктің кенже ұлы»  нар Кемпірбайдың:

     Бөгембай əкем аты, Кемпір едім,   
     Өлеңді кəсіп қылып тентіредім.   
     Даусымның келмей тұрған мəнісі сол,  
     Бақырдан ұрлық етін жеңкіредім, - деген өлеңінен ақындықты жасынан серік  қылып,  тек шешендігінің ғана куәсі емес, ақынның тағдырынан да мәлімет беретін  дерек екенін де танимыз. Бала күнінен мұқтаждықты көп көріп, ел аралап, етінің тірілігімен күнелткен арман-шері көп ақынның өзі жайлы:

Атығай, Қарауыл мен өрдегі Үйсін,   

 Қарөткел таныс едім екі араға      
 Семейде топырағым болар білем,  
  Кемпірбай дұға қылсын бишараға,  - деген өлеңінің дәл келгенін қарашы.  Осы бір ауыз өлеңмен Кемпірбай талай нәрсені анық болжағаны айқын көрі­ніп тұр.

Қала    тұрғыны  тобықты  Жанкелдінің    үйінде      ауырып,  төсектен тұра  алмай жатқан Кемпірбай ақын өмірді терезеден ғана көріп, пұшайман халге түскеніне қатты назаланады.  Өткен өмірін еске алып, «тіршіліктің қадірін кеш білдім» деп, өкініш те білдіреді.

        Қазақтың атақты ақыны Кемпірбай Бөгембайұлы ауырып жатқанда оған қазақтың тағы бір белгілі ақыны Әсет Найманбайұлы алыстан ат арытып барып, ағасының хал-жағдайын өлеңмен сұрағанда:

          Жүлде алған жүйрік едім талай жерде,   
          Кешегі Кемпір едім көзің көрген.  
          Ақ үйде айқай салған қайран басым,   
          Қор болды-ау екі көзім терезеден...  

  Өмірден  қол  үзгелі  жатқан  Кемпірбай:

Әсетжан осы аурудан өлем білем,
Алланың аманатын берем білем.
Кеудемнен көкала үйрек «хош» деп ұшты,
Сол шіркін, кәрі жодас өлең білем.

Басымда отырды өксіп қимай тоқтап,
Кете алмай бөтен жаққа айналсоқтап.
«Серігім хош-аман бол, Кемпірбай» деп
Жылады бұрынғы өткен күнді жоқтап. –

деп бойындағы  өнердің  өзін  біржола  тастап  ұшқалы  тұрған  көкала үйрек екенін қамыға жеткізеді. Көгала үйрек – ақынға өлең боп қонған киенің иесі. Көкала үйрек секілді өлеңнің де бөлек жаны бар, бөлек денесі бар сый енді ақынның кеудесінен ұшқалы жатыр.

Арғы дәуірдегі қазақ ақындарында да өзінің дүниеден өтетіні туралы күнібұрын болжам айтып кеткендері  ғажап. Тіпті, кейбірі өз ажалын  шабыт берер аңызбен  байланыстыратыны бар. Ақын Жамбыл Жабаев  өмірден өтерінен аз ғана бұрын, «шабыттанған шағында көзіне көрінетін қызыл жолбарысының» шақырғанына қайрылмай кеткенін көріп, өзінің ұзамай дүние салатынын айтқан екен.

Әй Әсет, осынау дерттен мен өлемін,
Науқасым меңдеу тартты бұрынғыдан.
Ұшса да қанат байлап аспанменен,
Өлімнің кім құтылар құрығынан,
Сұрасаң хал-жайымды, Әсет жаным,
Жатырмын ұшайын деп тұғырымнан.

Әсетжан, осы ауру қоймас білем,
Алланың әмірі екі болмас білем.
Қамығып «хош» деп жылап ұшып кетті,
Осы өлең Серкебайға қонбас білем, - дейді. 

Арман, мұңы  - осы қадірлі сыйдың ұрпағына қонбай, мұның әулетінен біржола жоғалып кетуі.  Өмірінің жалғасы, баласының  қасиетті өнеріне ие бола алмағандығын «Ұрпағым өнерімді жалғамады, кием ұшып кететін болды» деген  ақындық сырын тек ақынға ғана жайып салады. «Ер Дәуіт жеті жаста иектеген»  кеудесіндегі өлеңнің көк ала үйрегін ұшырар сәтіндегі  алланың аманатын ұрпағына бере алмаған өкінішін  образды түрде бейнелейді. Ақынның орындалмай бара жатқан үлкен арманы  – ұлы Серкебайға ақындық өнердің «қонбағандығы». Өлең арызының  соңында Кемпірбай ақын бүкіл замандас ақындарымен қоштасады, өзінің соңғы тілегі ретінде сол ақындардың «Семейдегі топырағының» басына келіп дұға оқып тұруын қалайтындығын айтады.

 Ақын   өмірінін  соңғы  сəті   Семейде  өтіп,  сонда жерленгені белгілі.   Өкінішке орай Кемпірбайдың моласы баяғыда тапталған. Орнына ет комбинатының қасапханасы салынып, сол кездері қазақтың мыңғырған малының қан-жоса болып сойылатын мекеніне айналған. Шежірелі  Семейдің нар Кемпірбай жайлы толғап айтатын  зиялы қауымының  қатары уақыт өткен сайын сиреп барады. 

     Бір жылдары Тұрсын ағамен кездескенде әңгіме айтып отырып, Кемпірбай жайлы тоқтады.   

– Жастау кезім,   Абайтанушы-ғалым Қайым Мұхаметханов  ештеме айтпастан  Семей ет комбинатының қасапхана жанына ертіп барып,  тізерлей отыра қалып құран оқыды.  Біраз үнсіз отырған соң,  сұрап едім:

- Бұл жерде суырып салма шешен ақын нар Кемпірбай жерленген. Маған

бұл жерді, бұл өнегені  Мұхтар Әуезов  көрсеткен, -  депті. 

Содан бері  «арқадағы хан-қараға сәлем айтып», қара Ертіс,  Қарқаралы дұға етсін деп, өрдегі Үйсін Қараөткелге Семейдің топырағы бұйыратынын айтып кеткен ділмәр ақын Кемпірбайдың  дүниеден озғанына да 123 жыл болыпты.  Семей топырағының басына келіп дұға оқып тұратын ақын арманы орындалу үшін Кемпірбай жатқан топыраққа бір белгі қойылып, оған ақынның:

Сәлем айт Арқадағы хан-қараға,
Қара Ертіс, Қарқаралы жандараға.
Атығай, Қарауыл мен өрдегі Үйсін,
Қараөткел таныс едім екі араға.
Семейде топырағым болар, білем,
Кемпірбай дұға қылсын бейшараға – деген арызын жазып қою керек!

 Айтылмаған әңгіменің  жиі ауызға ала бермейтін,  айналып өтер ақиқаты болады.

       Семейге қашан барсам да зорлық, зомбылықтың алуан түрін көрген өлкеден үркіп, көк ала үйрек Кемпірбайды жоқтап,  ұшып жүрген сияқты болады да тұрады...

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Астана қаласы