Кассир клиенттердің 7,3 млн теңгесін үш жыл бойы өз шотына аударып отырған

Кассир клиенттердің 7,3 млн теңгесін үш жыл бойы өз шотына аударып отырған
lkassa.kz

Павлодарда асхана кассирі үш жыл ішінде клиенттерден түскен 7,3 млн теңгені заңсыз иемденген. Ол тапсырыс ақысын асхана шотының орнына өзінің банк картасына қабылдап отырған, деп хабарлайды ult.kz.

Сот материалдарына сәйкес, әйел асханада 2014 жылдан бері жұмыс істеген. Алғашында наубайшы болған ол 2020 жылы кассир қызметіне ауысқан.

Бұған дейін асханадағы қолма-қол ақшасыз төлемдер мекеме иесінің шотына түсетін. Кейін қожайын клиенттердің төлемін жеке шотына қабылдауға тыйым салған. Осыдан кейін кассир тапсырыс берушілерге өзінің телефон нөмірін беріп, төлемдерді жеке шотына қабылдай бастаған.

2020-2023 жылдары ол түскен қаражаттың бір бөлігін асхана иесіне өткізбей, өзіне алып отырған.

Кассирдің әрекеті 2024 жылғы қаңтарда әшкереленген. Ол жұмысқа шыға алмаған күні орнына бухгалтер кассаға отырған. Сол кезде бухгалтер клиенттердің тапсырыс ақысын кассирдің нөміріне аударып жатқанын байқап, бұл туралы басшылыққа хабарлаған.

Осыдан кейін кассирден банк шотының көшірмесі сұратылып, клиенттерден түскен аударымдар тексерілген. Нәтижесінде асханаға келтірілген залал 7,3 млн теңге екені анықталған.

Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Сотта бұрынғы кассир кінәсін мойындап, сот үкімі шыққанға дейін келтірілген шығынды толық өтеген.

Павлодар соты әйелді кінәлі деп танып, оған 3 жыл 4 ай шартты жаза тағайындады. Жаза ҚР жаңа Конституциясының қабылдануына орай жарияланған рақымшылық туралы заң ескеріліп белгіленген.