Қапшағай су қоймасында алты адам құтқарылды

Қапшағай су қоймасында алты адам құтқарылды

Алматы облысының құтқарушылары Қапшағай су қоймасында алты адамды құтқарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Құтқарушылардың хабарлауынша, 15 тамызда түнгі сағат 02:05-те Алматы облыстық ТЖД-ға Қапшағай су қоймасының оңтүстік-батыс жағалауында моторлы қайықта алты адамның қалып қойғаны туралы хабарлама келіп түскен. 

«Құтқарушылар дереу оқиға орнына шықты. Анықталғандай, демалып жүрген алты адам 9-орындық пластик моторлы қайықпен жүзіп шыққан. Алайда, олардың қайығы су қоймасының ортасында істен шығып кеткен. 

Қайықтағы адамдардың құтқару кеудешесі болмаған. 32 жастағы үш ер адам мен үш әйел (екеуі – 1999 жылғы, біреуі – 2000 жылғы) құтқарылып, жағаға жеткізілді. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ», - делінген хабарламада.