Шымкентте шетелдік инвесторлардың қатысуымен жұмыс істейтін “Sin Yuan Steel” зауытының айналасындағы даулы жағдайға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында зауыт аумағында жүргізілген рейд кезінде полиция көші-қон заңнамасын бұзды деген күдікпен шетел азаматтарын жаппай ұстағаны туралы ақпарат тараған еді. Кәсіпорын басшылығы бұл әрекеттер өндіріс жұмысына кедергі келтіріп, инвестициялық жобаларға қауіп төндіргенін мәлімдеген.
Прокуратураның хабарлауынша, инвестордың арыз-шағымын тексеру үшін Шымкент қаласының инвестициялық прокурорлары қылмыстық іс аясында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеген. Алайда Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу барысындағы өзге мәліметтер әзірге жарияланбайды.
Зауыт өкілдерінің айтуынша, рейд кезінде ұсталғандардың арасында өндірісті кеңейту мәселесін талқылауға келген шетелдік инвесторлар да болған. Компания мұндай әрекеттер халықаралық серіктестердің сеніміне нұқсан келтіруі мүмкін деп алаңдайды.
Оқиға қоғамда қызу талқыланып жатыр. Сарапшылар инвесторлармен жұмыс барысында құқық қорғау органдарының әрекеті ашық әрі заң аясында болуы тиіс екенін айтуда.