Freedom Inside '26

Интернеттен демалыс үйін жалдағанда абай болыңыз: алаяқтар жаңа тәсілге көшкен

Интернеттен демалыс үйін жалдағанда абай болыңыз: алаяқтар жаңа тәсілге көшкен
Ашық дереккөзден

Жазғы демалыс маусымының басталуымен бірге интернет арқылы коттедждер мен демалыс үйлерін жалға алушылар саны артты. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі азаматтарды алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырды, деп хабарлайды ult.kz.

Полицияның мәліметінше, соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен хабарландыру сайттарында демалыс орындарын жалға беру туралы жалған ұсыныстар көбейген.

Алаяқтар әдетте интернетте демалыс үйлерінің тартымды жарнамасын жариялап, қызығушылық танытқан азаматтарға әдемі фотосуреттер мен нақты мекенжайларды жібереді. Алайда бұл суреттер көбіне басқа нысандардан алынған немесе интернеттен көшірілген болып шығады.

Кейін қаскөйлер бронь жасау үшін алдын ала төлем талап етеді. Ақша аударылған соң түрлі сылтаулар айтып, демалыс орнының қолжетімсіз екенін хабарлайды. Біраз уақыттан кейін байланысқа шықпай, азаматтардың қаражатын қайтармайды.

Осыған байланысты тәртіп сақшылары күмәнді есепшоттарға ақша аудармауға және алдын ала төлем жасауға асықпауға кеңес береді. Сондай-ақ ресми брондау сервистері мен сенімді агенттіктердің қызметін пайдалануға шақырады.

Полиция азаматтарға ұсыныстың шынайылығын мұқият тексеріп, интернеттен алынған суреттерге алданып қалмауға кеңес берді. Әсіресе нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан ұсыныстарға сақтықпен қарау қажет.