Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

15 ақпан – Халықаралық қатерлі ісікке шалдыққан балалар күні

15 ақпан – Халықаралық қатерлі ісікке шалдыққан балалар күні
Фото: freepik

Жыл сайын 15 ақпанда Халықаралық қатерлі ісікке шалдыққан балалар күні атап өтіледі. Бұл күн балалар онкологиясы мәселесіне қоғам назарын аударып, қатерлі ісікке шалдыққан балалар мен олардың отбасыларына қолдау көрсетуге бағытталған.

Атаулы күн 2002 жылы Халықаралық балалар қатерлі ісігіне қарсы ұйымның (Childhood Cancer International) бастамасымен белгіленген. Оның негізгі мақсаты – балалардағы онкологиялық аурулар туралы хабардарлықты арттыру, ерте диагностиканың маңызын түсіндіру және барлық баланың сапалы медициналық көмекке қол жеткізуіне ықпал ету.

Балаларда кездесетін онкологиялық аурулардың қатарына лейкоз, ми және орталық жүйке жүйесінің ісіктері, лимфома, нейробластома, Вильмс ісігі және басқа да қатерлі ісік түрлері жатады. Олардың пайда болу себептері әртүрлі болғандықтан, ауруды әрдайым алдын ала болжау мүмкін емес. Дегенмен дертті ерте анықтап, уақытылы емдеу баланың сауығу мүмкіндігін арттырады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын әлемде 0–19 жас аралығындағы шамамен 400 мың бала мен жасөспірімге қатерлі ісік диагнозы қойылады. Балалар онкологиясындағы емдеу нәтижесі медициналық көмектің қолжетімділігіне, аурудың түрі мен сатысына байланысты. Дамыған елдерде балалардың басым бөлігі сауығып кетсе, медициналық ресурстары шектеулі мемлекеттерде бұл көрсеткіш төмен.

Халықаралық қатерлі ісікке шалдыққан балалар күні – тек медициналық мәселені көтеретін дата емес. Бұл – кішкентай пациенттерге жанашырлық танытып, олардың өмірге деген үмітін қолдауға үндейтін күн. Сондай-ақ қоғамға әрбір баланың сапалы ем алып, толыққанды өмір сүруге құқығы бар екенін еске салады.