Ақмола облысында 12 адамның өмірін қиған жарылыс пен өртке қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды ult.kz.
Қайғылы оқиға 2026 жылғы 26 ақпанда болған. Алдын ала мәлімет бойынша, газ баллоны жарылып, арты ірі өртке ұласқан.
Облыстың арнайы прокурорлары аталған факті бойынша жүргізілген сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Оқиға салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 11 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. Сондай-ақ ғимарат иесіне аса ірі көлемде материалдық шығын келтірілген.
Тергеу барысында қылмыстық жауапкершілікке кафені жалға алушы, автогаз құю станциясының директоры және газ жеткізумен айналысқан тұлға тартылған.
Олардың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі («Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу») және 306-бабы 3-бөлігі («Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету») бойынша сараланған.
Арнайы прокурорлардың мәліметінше, тергеу барысында қауіпсіздік талаптарының бұзылуы мен орын алған ауыр зардаптар арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс анықталған.
Қылмыстық іс материалдары сотқа жолданды. Енді іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды.