1961 жылдың 12 сәуірі адамзат тарихындағы ең айтулы күндердің бірі ретінде есте қалды. Дәл осы күні Юрий Гагарин ғарышқа ұшқан алғашқы адам атанып, бүкіл әлемге танылды. Бұл тарихи сапар ғарыш дәуірінің басталуына жол ашты, деп ult.kz тілшісі dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Деректерге сүйенсек, алғашқы минуттарда ұшу жоспарға сай өткен. Алайда сапардың 67-минутында тежеу жүйесі қосылған кезде техникалық ақау байқалған. Жүйе қажетті қуатты толық бере алмай, есептелген көрсеткіштен төмен нәтиже көрсеткен.
Осының салдарынан "Восток" кемесі жеткілікті деңгейде баяуламай, белгіленген бағыттан ауытқи бастаған. Атмосфераның тығыз қабатына кірген сәтте ғарыш кемесі бақылаусыз айналып кеткен.
Сол кезде Гагарин өте ауыр жүктемені сезініп, кеменің сыртқы қабаты отқа оранғанын көрген. Ол эфир арқылы: "Мен жанып барамын, қош болыңдар, жолдастар", – деп хабар бергені айтылады.
Кейін бұл құбылыстың атмосфераға енген кезде болатын қалыпты процесс екені белгілі болған. Яғни кеменің сыртқы қабаты қызғанымен, бұл ғарышкердің міндетті түрде қаза табатынын білдірмеген.
Мәліметтерде Гагариннің жерге катапульт арқылы аман-есен қонғаны айтылады. Дегенмен ұшу барысында барлығы 11 түрлі төтенше жағдай тіркелген.
Сол кезеңде кеңестік тарап ғарышкер аман оралмауы немесе басқа мемлекеттің аумағына қонуы мүмкін екенін де ескерген. Сондықтан алдын ала бірнеше сценарий дайындалып, халықаралық деңгейде әрекет ету жолдары ойластырылған.
Осы мақсатта үш құпия конверт әзірленген. Бірінші конвертте Гагариннің сапары сәтті аяқталған жағдайда жарияланатын құттықтау мәтіні болған. Екінші конверт ғарышкер қаза тапқан жағдайда оқылатын қайғылы мәлімдемеге арналған. Ал үшінші конверт Гагарин басқа елдің аумағына қонған жағдайда халықаралық көмек сұрау үшін дайындалған.
Бақытына қарай, сол күні тек бірінші конверт ашылды. Юрий Гагарин Жерге аман оралып, адамзат тарихындағы тұңғыш ғарышкер ретінде мәңгілікке аты қалды.