Ескі зираттың үстіндегі құрылыс: Петропавлдағы құрылыс алаңынан адам сүйектері табылды

Ескі зираттың үстіндегі құрылыс: Петропавлдағы құрылыс алаңынан адам сүйектері табылды
pkzsk.info

Петропавлда құрылыс жұмыстары кезінде адам сүйектері табылды. Тарихи деректерге сәйкес, қазіргі құрылыс алаңы орналасқан аумақта XIX ғасырдың соңында пайда болған ірі православиелік зират болған. Онда 10-15 мыңға дейін адам жерленуі мүмкін, деп хабарлайды ult.kz.

Петропавловск.news басылымының мәліметінше, адам сүйектері шамамен екі апта бұрын жер қазу жұмыстары кезінде анықталған. Кейін құрылыс алаңына еріктілер келіп, арнайы техника жұмысы аяқталған соң, топырақ арасынан табылған сүйектерді жинауға көмектескен. Сонымен қатар жерден мойынға тағатын кресттер де табылған.

Тарихи мәлімет бойынша, зират Петропавлдың сол кездегі шетінде 1890-1894 жылдары Барлық Әулиелер шіркеуінің құрылысы басталған кезеңде пайда болған. Соңғы жерлеу рәсімдері 1950-жылдары жүргізілген.

Басылым мәліметінше, бұрынғы зират аумағының бір бөлігі бүгінде Жамбыл көшесі, «Авангард» стадионы және басқа да нысандардың астында қалған. Бұл аумақта бұған дейін де адам сүйектері табылған.

2008 жылы құрылыс кезінде табылған сүйектер Барлық Әулиелер шіркеуінің маңына қайта жерленіп, бұл туралы ескерткіш орнатылған. Шіркеу өкілдерінің айтуынша, бұрынғы зираттың кей бөлігі кейін түрлі құрылыс нысандарына берілген.

Сүйектер табылғаннан кейін құрылыс алаңына полиция шақырылған.

«Адам сүйектерінің табылуына байланысты полицияда материал тіркелді. Қылмыстық сипаттағы белгілер анықталған жоқ. Сүйектердің шығу тегін және олардың табылуына қатысты өзге де мән-жайларды анықтау үшін тексеру тағайындалды. Оның нәтижесі бойынша түпкілікті қорытынды жасалады», – деп хабарлады полиция департаменті.

Петропавл қаласының әкімдігі бұған дейін жиналған адам сүйектерінің қайта жерленгенін растаған.

Алайда сүйектердің нақты қай жерге қайта жерленгені, рәсімнің қашан өткені және қанша қалдық жиналғаны туралы мәлімет берілмеген.

Сондай-ақ құрылыс жұмыстары барысында жаңа сүйектер табылған жағдайда оларды кім жинайтыны және бұл процесті кім бақылайтыны әзірге белгісіз.