Freedom Inside '26

Ерекше қажеттілігі бар ХҚКО қызметкері: қызмет пен спортты қатар алып жүрген чемпион

Ерекше қажеттілігі бар ХҚКО қызметкері: қызмет пен спортты қатар алып жүрген чемпион
ult.kz

Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды жұмыспен қамту – әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Бұл мәселе тек жұмыс орнын ұсынумен ғана шектелмейді. Ол адамның қоғамға толыққанды араласуына, экономикалық тәуелсіздігіне, өз қабілетін жүзеге асыруына және өмір сапасын арттыруына тікелей әсер етеді. Сондықтан мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау – инклюзивті қоғам қалыптастырудың басты талаптарының бірі.

Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл сөзіміздің дәлелі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы Жетісу ауданы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығында қызмет атқаратын – Гауһар Өмірзақова.

Ол 1993 жылғы 12 желтоқсанда Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында дүниеге келген. Бес жасынан бастап Ақтау қаласында тұрып, осы қалада білім алған. 2001–2012 жылдары Ақтау қаласындағы №15 жалпы білім беретін мектепте оқып, оны сәтті тәмамдаған. Кейін 2012 жылы Алматы қаласындағы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының құрылыс факультетіне түсіп, 2016 жылы жоғары білім алған. Білімін одан әрі жалғастырып, 2016–2018 жылдары аталған оқу орнында магистратураны аяқтаған.

Еңбек жолын Ақмола облысы Атбасар қаласында бастап, сол жылдары өз мамандығы бойынша қызмет атқарған. 2019 жылдың 15 шілдесінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Ақтау қаласы бойынша филиалына маман болып жұмысқа қабылданған.

2021 жылдан бері пара пауэрлифтинг спортымен тұрақты түрде айналысады. Осы уақыт ішінде бірнеше мәрте Қазақстан Республикасының чемпионы атанып, жоғары спорттық жетістіктерге қол жеткізген. 2026 жылы Таиландтың Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болған. Қазір Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы Жетісу ауданы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығының оператор залында жұмыс істейді.

«Жұмысымның өзі де адамдармен тығыз қарым-қатынаста болуды талап етеді. Күн сайын түрлі мәселемен келген азаматтарды қабылдаймыз. Кеңседе отырып қана жұмыс істемеймін, адамдармен тікелей сөйлесемін, олардың мәселесін тыңдап, қолдан келгенше көмектесуге тырысамын.

Әр адам әртүрлі болады. Сондықтан маман ретінде сабыр сақтап, бәріне бірдей құрметпен қарауға тырысамын. Өзімде ешқандай комплекс болған емес. Бірақ қоғамда сыртқы келбетке қарап баға беретін адамдар кездеседі. Әсіресе кішкентай балалар қызығушылықпен қарап қалатын кездер болады. Алайда мен оны ешқашан теріс қабылдамаймын. Бұл – табиғи нәрсе деп есептеймін.

Әрине, алғашында аздап ыңғайсыздық сезілетін. Бірақ уақыт өте келе оған мән бермеуді үйрендім. Мен үшін ең маңыздысы – адамның сыртқы келбеті емес, оның ісі мен адамгершілігі.

Денсаулығыма қатысты ерекшелігім бала кезден бар. Дәрігерлер нақты диагноз қойған. Бірақ ешқашан өзімді өзгелерден кем сезінген емеспін. Керісінше, осы жағдай мені шыңдап, жігерімді арттырды», – дейді Гауһар Өмірзақова.

Ерекше қыз университетте оқып жүргенде спортпен танысып, бір күні жаттықтырушы оны жеңіл атлетикаға шақырған. Кейін жаттықтырушысы оның мүмкіндігін байқап: «Жарыстарға қатысуға болады. Құжаттарыңды дайындайық», – деген екен. Алайда ата-анасы оқуын алаңсыз аяқтағанын қалаған соң, алдымен диплом алып, еңбекке араласуды ойлайды.

«2016 жылы университетті тәмамдадым. Диплом алар кезде маған Ақмола облысы Атбасар қаласына жұмысқа жолдама берілді. Дәл сол уақытта жаттықтырушым тағы да спортқа келуге ұсыныс жасады. Бірақ мен оқуымды енді ғана аяқтап жатқандықтан, алдымда таңдау тұрды: спортты жалғастыру немесе жолдамамен жұмысқа бару.

Сөйтіп, жолдаманы таңдап, Атбасарға жұмысқа кеттім. Дегенмен Алматыдан кетер алдында университеттің магистратурасына да құжат тапсырып қойған едім. Магистратураға оқуға қабылдандым, бірақ сонымен қатар жұмысымды да бастадым.

Атбасарда бір жарым жыл еңбек еттім. Ол жақтың жағдайы маған аса ұнай қойған жоқ. Шағын қала болғандықтан, мүмкіндігі де шектеулі еді. Бір жарым жылдан кейін Алматыға қайта келіп, магистрлік диссертациямды қорғап, дипломымды алдым.

Одан кейін біраз уақыт Алматыда жұмыс іздедім. Бірақ қалаған жұмысымды таба алмадым. Сөйтіп, 2018 жылдың соңында қайтадан Ақтауға оралдым. Ақтауға келген соң бір мекемеге жұмысқа орналастым. Бастапқыда тұрақты жұмыс болғанына қуандым. Өзімді сол жерде ұзақ уақыт жұмыс істейтін шығармын деп ойладым. Бірақ кейін басқа мүмкіндіктерді де қарастыра бастадым. Бір күні тест тапсырып көрейін деп шештім.

2019 жылдың шілде айында тест тапсырдым. Көп ұзамай мемлекеттік қызметке жұмысқа шақырылдым. Алғашында бір бөлімде шамамен бір жылдай қызмет атқардым. Кейін карантин басталып, біраз уақыт Call-орталықта жұмыс істедік.

Карантин аяқталғаннан кейін, 2021 жылы қайтадан негізгі бөлімге ауыстым. Дәл сол кезеңде бір әріптесім маған паралимпиадалық спорт туралы айтып, осы спорт түрімен айналысып көруге кеңес берді», – дейді Гауһар Өмірзақова.

Оның айтуынша, спортқа қайта оралу туралы ой бұрыннан болған. Сондықтан бұл ұсыныс түскенде көп ойланбастан келіскен. 2021 жылы жаттығуды қайта бастап, жаңа жаттықтырушымен жұмыс істеуге кіріскен. Содан бері спорт пен негізгі жұмысын қатар алып келеді.

Ол бірден жұмысынан кетуге асықпағанын айтады. Себебі тұрақты табыс оның өмірінде маңызды орын алған. Ал спортта ешқандай кепілдік жоқ екенін жақсы түсінген. Чемпион атанған жағдайда ғана сыйақы беріледі, ал оған дейінгі жол ұзақ әрі қиын. Сондықтан бастапқыда спортты тек хобби ретінде қабылдаған.

Алайда уақыт өте келе спорттың жай ғана әуестік емес, өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын түсінген. Ол Қазақстан чемпионы атанып, республикалық және халықаралық деңгейдегі көптеген жарыстарға қатысқан. Сонымен қатар әлемдік додаларда да ел намысын қорғап келеді.

Фото: Гауһар Өмірзақованың Instagram парақшасынан

Әзірге әлем чемпионатында жүлделі орынға ие болмағанымен, соңғы бір жылдың ішінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындаған. Оның айтуынша, бұл – спорттық жолындағы ең маңызды жетістіктерінің бірі.

«Кейін жаттықтырушыммен арамызда белгілі бір келіспеушіліктер туындады. Жалпы, бірге жұмыс істеген жылдарымыз жаман өткен жоқ. Бірақ уақыт өте келе көзқарасымыз екіге бөлінді. Сол кезде «бар назарымды тек спортқа аударамын» деген шешім қабылдадым. Алайда жаттықтырушыммен арадағы түсініспеушілік күшейе түсті. Екеуіміздің арамызда бірнеше рет ашық әңгіме болды. Ол маған өз пікірін айтты, мен де өз ойымды жеткіздім.

Сол уақытта Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысымен байланысқа шықтым. Жағдайды толық түсіндірдім. Ол кісі мені тыңдап, қолдау білдірді. Дәл сол кезде 2025 жылы өтетін әлем чемпионатына дайындық жүріп жатқан болатын.

Бұрынғы жаттықтырушым менің әлем чемпионатына қатысуыма қарсы болды. «Нәтижең жоқ, әлі ерте» деген пікір айтты. Бірақ біздің спортта Олимпиада циклі төрт жылға есептеледі. Барлық спортшы рейтингтік жарыстарға қатысып, ұпай жинауы керек. Сондықтан халықаралық жарыстарға шығу өте маңызды еді.

Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы мені қолдап, жарыстарға қатысуыма мүмкіндік жасады. Соның арқасында әлем чемпионатына жолдама алдым. Бұл мен үшін үлкен жетістік болды. Әлемдік додада бесінші орынға тұрақтадым. Бұл нәтиже өз мүмкіндігімді дәлелдеп, дұрыс бағытта келе жатқанымды көрсетті.

Осыдан кейін Алматыға қайта оралдым. Мұнда бұрыннан таныс адамдарым, ағам, достарым бар еді. Ең бастысы – Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы осында жұмыс істейді. Сондықтан жаттығуға да, жарыстарға дайындалуға да барлық мүмкіндік ашылды», – дейді Гауһар Өмірзақова.

Қазіргі таңда ол Алматы қаласының атынан өнер көрсетеді. Алматы құрамасына ауысқаннан кейінгі алғашқы жарысында жеңіске жетіп, кейін Таиландтың Bangkok қаласында өткен Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанған. Оның айтуынша, бұл жетістік өзіне үлкен сенім сыйлап, еңбегінің ақталғанын көрсетті.

Спортшы алғашқы халықаралық жарыстарға өз қаражатына қатысып, жұмысы мен спортты қатар алып жүргенін айтады. Қазір әріптестері мен басшылығы оның жетістіктерін қолдап, жоғары бағалайды.

Алдағы уақытта ол спорт саласында қалып, жастарды жаттықтыруды және өз тәжірибесін кейінгі буынға үйретуді жоспарлап отыр. Оның айтуынша, спорт өмірінің ажырамас бөлігіне айналған.

Фото: Гауһар Өмірзақованың Instagram парақшасынан

Ақбота Мұсабекқызы