өркениеттермен диалогқа ашықпыз. Бiшкекте өтiп жатқан ТМД мемлекеттерiнiң шығармашылық және ғылыми интеллигенциясының XI форумы барысында қазақстандық делегацияның басшысы, ҚР Ұлттық музейiнiң директоры Дархан Мыңбай айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
«Қазiргi әлемде мәдениеттi дамыту деңгейi мен рухани мәдени байлық экономикалық жетiстiктермен қатар, ұлттың бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң негiзгi көрсеткiштерiнiң қатарында болып отыр. Мәдениет көп ретте ұлттық бiрегейлiктiң негiзгi өзегiн құрайды. ТМД-ға қатысушы мемлекеттер көптеген стратегиялық және экономикалық даму мақсаттарының сәйкестiгiнен өзара ынтымақтастық орнатуға мүдделi», - деп атап өттi Дархан Мыңбай.
Оның айтуынша, ТМД аясында бiрқатар ауқымды гуманитарлық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгiнгi таңда гуманитарлық салада тарихи-мәдени байланыстар мен заманауи инновациялық жетiстiктерге негiзделген көп деңгейлi әрiптестiктi кеңейтудiң маңызы зор.
«Гуманитарлық байланыс дәстүрлi дипломатиялық қарым-қатынаста көп көрiнiс таба бермейтiн салаларға енiп келедi. ТМД елдерiнiң барлық мәдени жобалары ортақ өркениет мұрасы, рухани және материалдық мәдениет ескерткiштерiн бiрлесе пайдалану мен сақтаудың негiзгi қағидалары арқылы бiрiктiрiлген. Бүгiнде интеграцияның қалыптасқан еуразиялық векторы туралы айтуға болады. Қазақстан өз мәдениетiн дамытумен шектелмейдi, басқа мәдениеттер мен өркениеттермен диалог орнатуға ашықпыз. 2014 жылы Мемлекет басшысы мәдениет саясаты тұжырымдамасын бекiттi. Оған сәйкес мәдениеттердi жақындастыру орталығы құрылды. Қазiргi уақытта орталықтың жұмысын ЮНЕСКО аясында жүргiзу мәселесi қарастырылып жатыр», - дедi ол.
Сөз соңында Дархан Мыңбай форум қатысушыларын Астанада өтетiн ЭКСПО-2017 халықаралық форумына шақырды.
Айта кетейiк, осы күндерi Қырғыз елiнiң астанасы Бiшкек қаласында ТМД мемлекеттерiнiң шығармашылық және ғылыми интеллигенциясының XI форумы өтiп жатыр. 11 елден жиналған делегаттар Тәуелсiз елдер достастығының 25 жыл iшiндегi жұмысын таразылап, гуманитарлық ынтымақтастықтың болашағын талқылауда.
ТМД шығармашылық және ғылыми интеллигенциясының форумы 2006 жылдан бастап өткiзiлiп келедi. Бұл форум достастық кеңiстiгiндегi жыл сайынғы iрi гуманитарлық шара болып саналады. Делегаттар өткен жылдың қорытындысын шығарып, бiрлескен iс-шаралар жоспарын талқылайды, сондай-ақ ғылым, бiлiм, мәдениет, ақпарат, туризм, спорт, жастармен жұмыс саласындағы өзектi мәселелер бойынша ұсынымдар әзiрлейдi.
ТМД мемлекеттерiнiң шығармашылық және ғылыми интеллигенциясының оныншы форумы өткен жылы Астанада өткен болатын.