4–14 маусым аралығында Қазақстанда әлемге әйгілі Cirque du Soleil ұжымының OVO шоуы өтеді, деп хабарлайды ult.kz.
4–7 маусым күндері қойылым Астанадағы Барыс Аренада өтсе, 11–14 маусым аралығында Алматы қаласындағы Almaty Arena-да өтпек.
Премьера қарсаңында ult.kz тілшісі сахна сыртында болып, әртістердің шоуға дайындығымен танысып қайтты.

Фото: Cirque du Soleil баспасөз қызметінен
Португал тіліндегі OVO сөзі «жұмыртқа» деп аударылады. Cirque du Soleil бұл атауды өмірдің пайда болуы мен жаңғырудың белгісі ретінде таңдаған. 2009 жылы тұсауы кесілген қойылым арада 17 жыл өтсе де көрермен қызығушылығын жоғалтпай, әлемнің 47 елінде 10 миллионнан астам көрермен тамашалаған.
«Ұзақ тарихы бар шоу үнемі дамып, жаңарып отырады. Шамамен бір жарым жыл бұрын біз сахна мен декорацияларды толықтай өзгерттік, үш жаңа акробатикалық нөмір қостық, жаңа кейіпкерлер мен костюмдер енгіздік, музыканы және клоундық көріністерді жаңарттық. Яғни көрермендер бұрынғыдай әсерлі жәндіктер әлемін тамашалайды, бірақ бұл жолы шоудың мүлде жаңартылған нұсқасын көреді», – дейді Цирктің ресми өкілі Жани Маллен.

Фото: Cirque du Soleil баспасөз қызметінен
OVO қойылымында жалпы саны 14 шоу ұсынылып, 53 әртіс өнер көрсетеді. Cirque du Soleil-дің ерекшелігі бағдарламасында жануарлар жоқ. Жануарлардың бейнесін әртістер сомдайды.
Жани Малленің айтуынша, биыл OVO шоуы тек Қазақстанда ғана көрсетіледі.
Еске салсақ, 2017 жылы Cirque du Soleil Астанаға EXPO халықаралық көрмесінің ашылуына келген. Бірақ ол кезде труппа толыққанды шоу көрсетпеген.
OVO шоуының басты ерекшеліктерінің бірі – биіктігі 9 метр, ені 19,5 метр болатын алып қабырға. Акробаттар оның бойымен төңкеріліп қозғалып, күрделі трюктер орындайды. Қабырғадағы 13 алып жапырақ қойылым барысында қозғалып, сахнаға ерекше көрік береді.

Фото: Cirque du Soleil баспасөз қызметінен
Сонымен қатар көрермендер бірнеше метрлік алып гүлдер мен жәндіктер әлемін бейнелейтін ерекше декорацияларды тамашалай алады. Барлық сахналық құрылымдар әр қалада қайта құрастырылып, оларды орнатуға халықаралық және жергілікті мамандар қатысады.
OVO шоуында бір қойылымға шамамен 800 костюм пайдаланылады. Барлық киімдер Монреальда арнайы тігіліп, әр әртіске жеке бейімделеді.

Фото: Cirque du Soleil баспасөз қызметінен
Костюмдерді күтіп-баптаумен арнайы мамандар айналысады, ал цирк өзімен бірге кір жуғыш және кептіргіш машиналарды да алып жүреді.
«Біз өзімізбен бірге бес кір жуғыш және үш кептіргіш машинаны алып жүреміз. Кеше олар бүгінгі шоуға дайындалу үшін 60 рет кір жуды. Әр қойылымнан кейін тағы 12–15 жүктеме тек костюмдерді жууға кетеді», – дейді Цирктің ресми өкілі.

Фото: Cirque du Soleil баспасөз қызметінен
Шоуға арналған музыканы бразилиялық композитор Берна Сеппас жазған. Композицияларда жәндіктердің шынайы дыбыстары қолданылған. Сахнада жеті музыкант пен вокалист жанды дауыста өнер көрсетеді, ал музыка қойылым барысына қарай өзгеріп отырады.
OVO белгілі бір елге бейімделмейді. Әртістер кейде сөйлегенімен, олар көрермендермен «жәндіктер тілінде» тілдеседі.
Акробаттар Артур Дудов пен Эсмира Кулиева ерлі-зайыпты. Олар Cirque du Soleil-ге қосылғандарына үш ай ғана болған. Дегенмен осы салада әр түрлі ұжымдарда өнер көрсетіп жүргендеріне ұзақ уақыт болған.

Фото: Cirque du Soleil баспасөз қызметінен
«Біздің нөмірде үзіліссіз орындалатын көптеген күрделі элементтер мен ауысулар бар. Мен белдікке жалаң қолмен өрмелеп, тек өз күшімнің арқасында ілініп тұрамын. Ең қиын бөлігі – соңғы комбинация. Онда шпагатқа отырып, тепе-теңдікті сақтауым керек», – дейді Эсмира Кулиева.
Оның айтуынша, Cirque du Soleil қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән береді. Сондықтан әртістердің көтерілу биіктігіне арнайы шектеу қойылған. Ол шамамен 8–10 метрді құрайды.
Әртістер күрделі трюктер арқылы кейіпкерлердің мінезін барынша ашып, көрермендерді жәндіктердің таңғажайып әлеміне жетелеуге тырысатынын айтты.

Фото: Cirque du Soleil баспасөз қызметінен
«Бізге Астана бойынша экскурсия ұйымдастырды. Қала маған бірден ұнады, мұнда алғаш рет келіп тұрмын. Астана шағын Дубай сияқты әсер қалдырды: бәрі заманауи әрі технологиялық дамыған. Бізді жасанды интеллект музейіне апарды, түрлі көрмелерді, театрлар мен операны көрсетті. Бағдарлама өте мазмұнды болды», – деді Дудов.
Әртістер қойылым өтетін аренаның техникалық мүмкіндіктерін жоғары бағалап, «әлемдік деңгейдегі арена» деп атады.