Цифрлық Жібек жолы: Қазақстан мен Қытай журналистері ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады

Цифрлық Жібек жолы: Қазақстан мен Қытай журналистері ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады

Алматыда Қазақстан мен Қытайдың медиа саласындағы ынтымақтастығын дамытуға арналған дөңгелек үстел өтті. Кездесуде екі ел журналистері мен медиа зерттеушілері жасанды интеллектінің ақпарат кеңістігіне ықпалы, цифрлық технологиялар, жалған ақпаратпен күрес және бірлескен ғылыми жобаларды дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Ult.kz.

23 қыркүйекте Алматыда "Қазақстан-Қытай медиа ынтымақтастығы: жаңа мүмкіндіктер мен сын-қатерлер" тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиынға Қазақстан мен Қытайдың журналистік ұйымдарының өкілдері, БАҚ қызметкерлері, ғалымдар мен зерттеушілер қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі жасанды интеллектінің қазіргі медианы қалай өзгертіп жатқанына арналды. Қатысушылар жаңа технология журналистің орнын алмастырмайтынын, керісінше ақпаратты өңдеу, аудару, деректерді талдау секілді жұмыстарды жеңілдететін құралға айналып келе жатқанын атап өтті.

Қазақстан мен Қытай журналистерінің байланысы жиырма жылға жуық уақыттан бері дамып келеді

Қазақстан Журналистер одағының жауапты хатшысы Баян Рамазанова өз баяндамасында ұйымның қызметі мен халықаралық байланыстарына тоқталды. Оның айтуынша, 1959 жылы құрылған Қазақстан Журналистер одағы бүгінде 6190 мүшені біріктіреді. Ұйымның филиалдары еліміздің барлық облысында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейді.

Одақ жас журналистерді қолдау, өңірлік журналистиканы дамыту және БАҚ қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағытында түрлі жобаны жүзеге асырып келеді. Соның ішінде жас журналистер арасында жыл сайын шығармашылық байқау өткізіліп, он жеңімпаз арнайы диплом және ақшалай сыйлықпен марапатталады.

Баян Рамазанова Қазақстан мен Қытай журналистері арасындағы байланыстың тарихына да тоқталды. Оның сөзінше, екі елдің медиа өкілдері арасындағы белсенді қарым-қатынас шамамен жиырма жыл бұрын басталған.

"Қытайда “Мың шақырым жол алғашқы қадамнан басталады” деген мақал бар. Қытайлық әріптестерімізбен достық пен ынтымақтастықтың алғашқы қадамы жиырма жылға жуық уақыт бұрын жасалды. Сол кезде Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев бастаған журналистеріміз алғаш рет Бейжің, Шанхай және басқа да қалаларға барған еді. Содан бері екі ел делегациялар алмасып, бір-бірінің салт-дәстүрімен, экономика, ғылым және өзге салалардағы жаңалықтарымен танысып келеді", – деді ол.

Оның айтуынша, кейін бұл байланысты "Бір белдеу – бір жол" аясындағы журналистік ұйымдар платформасы одан әрі кеңейткен. Платформаға әлемнің жүзге жуық елінің өкілдері кіреді. Қазақстан оның Азия елдері атынан алғашқы президиумының құрамына енген.

"Қытай журналистерінің қазіргі сапары болашаққа ұмтылған екі көрші мемлекет арасындағы достық пен ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне айналады деп сенемін", – деді Баян Рамазанова.

БАҚ арасындағы ақпарат алмасуды күшейту маңызды

Қытай журналистер одағы Хатшылар басқармасының хатшысы Инь Луцзюнь екі елдің ақпарат саласындағы байланысын одан әрі дамытуға мүмкіндік бар екенін айтты.

"Алматыда жаңа және бұрыннан таныс достарымызбен бас қосып, ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылап, бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ақпарат алмасуды дамытуға мүмкіндік алғаныма қуаныштымын. Қазақстандағы ақпарат саласындағы әріптестерімізге көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіремін", – деді ол.

Инь Луцзюньөз сөзінде Қытай мен Қазақстанның тарихи және мәдени байланыстарына да назар аударды. Оның айтуынша, екі ел арасындағы қарым-қатынастың тамыры Ұлы Жібек жолы кезеңіне дейін барады.

"Қытай мен Қазақстан – шекаралас, бірін-бірі толықтыратын көршілер. Екі ел халқының мыңдаған жылдық достық қарым-қатынас тарихы бар. Олар Ұлы Жібек жолы арқылы Шығыс пен Батысты жалғаған тарихты бірге қалыптастырды", – деді Инь Луцзюнь.

Жасанды интеллект аударма мен контент жасаудың жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр

Дөңгелек үстелде жасанды интеллекттің медиаға ықпалына ерекше назар аударылды. Талқылау барысында мультимодальды модельдердің қазақ, орыс және қытай тілдеріндегі ақпаратты жедел аударуға мүмкіндік беретіні айтылды.

Сондай-ақ генеративті жасанды интеллект күрделі статистикалық мәліметтерді оқырманға түсінікті инфографика, бейнеролик және өзге интерактивті форматтарға айналдыруға жол ашып отыр. Бұл әсіресе жас аудиториямен жұмыс істеуде маңызды құрал ретінде қарастырылды.

Сонымен бірге қатысушылар технология қаншалықты дамыса да, журналистің кәсіби жауапкершілігі сақталатынына назар аударды. Жасанды интеллект деректерді бақылау, мәтіннің алғашқы нұсқасын әзірлеу немесе аудионы мәтінге айналдыру секілді жұмыстарды атқара алады. Алайда ақпаратты тексеру, журналистік этиканы сақтау және жарияланған материалға жауап беру адамның міндеті болып қала береді.

Жиында Қазақстан медиасында жасанды интеллект құралдарының қолданыла бастағаны да сөз болды. Атап айтқанда, телеарналардағы виртуалды жүргізушілер, жасанды интеллект көмегімен жасалған иллюстрациялар және жоғары оқу орындарындағы AI-ассистенттер тәжірибесі айтылды.

"Цифрлық Жібек жолын" медиа және ғылым саласында дамыту ұсынылды

Орталық Азия–Қытай журналистік зерттеулер қауымдастығының төрайымы Гүлмира Сұлтанбаева Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми және медиакоммуникациялық ынтымақтастықты дамытудың үш бағытын ұсынды.

Бірінші бағыт – "Цифрлық Жібек жолы" аясындағы медиа және ғылыми байланысты күшейту. Сұлтанбаева қытайлық зерттеушілерді осы бағыттағы ортақ жобаларға қатысуға шақырды.

Екінші ұсыныс екі елдегі журналистика және медиа саласына қатысты ғылыми еңбектерді қазақ және қытай тілдеріне аударуға қатысты. Оның айтуынша, бұл бағытта алғашқы нәтижелер де бар.

"Сиань және Солтүстік-Батыс университеттеріндегі әріптестеріміз осы күзде қазақ журналистикасының тарихы туралы іргелі еңбекті қытай тіліне аударып болды. Оның таныстырылымы арнайы ұйымдастырылады. Мұны Қытай мен Орталық Азия арасындағы алғашқы іргелі қадамдардың бірі деп санаймыз", – деді Гүлмира Сұлтанбаева.

Үшінші бастама – Орталық Азия мен Қытай журналистикасы тарихының ортақ антологиясын әзірлеу. Зерттеушінің айтуынша, Қазақстан, Қытай және Орталық Азия халықтарының тарихи, қоғамдық және мәдени байланыстары туралы деректер көп болғанымен, олар журналистика тарихы тұрғысынан әлі толық жүйеленбеген.

"Бұл Қытай, Қазақстан және жалпы Орталық Азия үшін үлкен мәдени-рухани әрі ғылыми еңбек болар еді. Осы жұмыс тобына қытайлық әріптестерімізді қосылуға шақырамыз", – деді ол.

Жалған ақпаратпен күрес пен цифрлық сауат басты мәселелердің бірі

Гүлмира Сұлтанбаева қазіргі медианың маңызды міндеттерінің бірі жалған ақпаратқа қарсы тұру және қоғамның цифрлық сауатын арттыру екенін айтты.

Кездесу барысында қазақстандық зерттеушілер қытайлық делегацияға "Қазақстандағы жалған ақпарат пен дезинформация индикаторлары" атты ағылшын тіліндегі монографияны, цифрлық және ақпараттық мәдениет пен цифрлық сауатқа арналған әдістемелік еңбектерді, сондай-ақ деректер журналистикасы мен жалған ақпаратпен күрес тақырыбындағы зерттеулерді таныстырды.

"Қазір жалған ақпаратпен күрес пен цифрлық сауатты арттыру – ең үлкен мәселелердің бірі. Біз әділ әрі объективті контент жасауға ұмтылуымыз керек", – деді Гүлмира Сұлтанбаева.

Дөңгелек үстел қорытындысында тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы медиабайланысты тек журналистер алмасуымен шектемей, ғылыми зерттеулер, академиялық аударма, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект бағытындағы ортақ жобалар арқылы дамыту қажеттігіне назар аударды. Жиында жасанды интеллект медианың жұмыс тәсілдерін өзгерткенімен, ақпараттың шынайылығын тексеру, кәсіби этика мен аудитория алдындағы жауапкершілік журналистің негізгі міндеті болып қала беретіні айтылды.