Цифрлық дәуірдегі жалғыздық

Цифрлық дәуірдегі жалғыздық
nasledie.digital.

Мобильді, қарқынды өмір. Әркім асығыс, кездесулер қысқа, әңгімелер үстіртін.  Көп адам күн соңында тыныштық іздейді. Сол тыныштықты қолындағы телефон, ноутбугынан табуға тырысады.

Әлеуметтік желілер уақытша серікке айналды. Біреудің жазбасына пікір қалдыру, ой бөлісіп, лайк басу, күн тақырыбын бірге талқылау бәрі адам көптің ортасында жүргендей әсер қалдырады. Өзін маңызды сезіндіреді. Мәселе – виртуалды байланыстың біртіндеп тірі қарым-қатынастың орнын басып бара жатқанында. 

Бірақ қолындағы гаджеттің экраны сөнген сәтте адамның миында бәрі өзгереді. Үнсіздік, жалғыздық анық сезіледі. Әлемжеліде қаншама пікірталас, жылы сөз алмасу болғанмен, тірі адамның жылуын ешқайсысы алмастыра алмайды. Мүмкін цифрлық дәуірдің ең үлкен парадоксы да осы шығар... Адамзат ешқашан бір-біріне соншалық жақын және көп адамның ортасында соншалық жалғыз болмаған сияқты. 

Абзалында

Біз қаншалық жеке шекарамызды бекітіп, адамдардан алшақтап, әлеуметтік желілермен өзімізді алдасақ та, адам жаны бәрібір шынайы адами қарым-қатынасқа мұқтаж екенін мойындауымыз керек. Сондықтан саналы түрде адамдарға жақын болуға ұмтылған жөн. Өмірде бар қатынасты сақтап, дамытумен жұмыс істеген абзал. Ол үшін кейде телефонды бір шетке қойып, тіпті кей күндері әлеуметтік желілерден детокс жасаған дұрыс. Ауыл аралап, қалаға шығып, адамдарды бақылап, нағыз өмірдің қандай болатынын өзімізге еске салып отырған жақсы. Жақын адамыңызға хабарласып, ата-анаңыздың халін сұрап, досыңызбен кездесіп әңгіме айтып, саябақтарда қолтықтасып, қолұстасып жүріп араласқан әдемі. Осындай қарапайым сәттер, тірі адаммен қатынас қана шынайы сезім, есте қаларлық жылулық пен жақындық сезімін сыйлайтынын әрдайым басшылықта ұстаған жөн.