Жетісу облысында жыл басынан бері алкоголь өнімдерін сату талаптарын бұзудың 60-қа жуық дерегі анықталды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында өңірде алкоголь өнімдерін өткізу саласындағы заң талаптарының сақталуын бақылауға бағытталған тұрақты рейдтер жүргізіліп келеді.
Кезекті құқық бұзушылық Алакөл ауданындағы дүкендердің бірінде тіркелді. Тексеру барысында сатушының алкоголь өнімдерін заңда белгіленген уақыттан тыс сатқандығы анықталды. Осы дерек бойынша құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жыл басынан бері өңірде алкоголь өнімдерін рұқсат етілмеген уақытта сатуға қатысты 40-қа жуық құқық бұзушылықтың жолы кесілген.
Полиция өкілдерінің айтуынша, алкоголь өнімдерінің заң талаптарына сай сатылуын бақылау қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.
Осыған байланысты тәртіп сақшылары кәсіпкерлер мен сауда орындарының иелерін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Алдын алу және рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.