Батыс Қазақстанда соңғы төрт күнде 463 адамнан коронавирус анықталды

Батыс Қазақстанда соңғы төрт күнде 463 адамнан коронавирус анықталды

Батыс Қазақстан облысында соңғы төрт күнде 463 адамнан коронавирус анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім еткеніндей, соның 322-сінде ауру белгілері болса, қалған 141-інде коронавирус симптомсыз өтуде.

11-14 сәуір аралығында ЖРВИ белгілерімен тексерілген 265, бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болған 143, профилактикалық мақсатта қаралған 48 және стационарға жатқызар алдында сынама алынған 7 адамнан індет табылды. 

Ауырғандардың басым көпшілігі (257) Орал қаласының үлесіне тиеді. Сондай-ақ төрт күнде Бәйтерек ауданында 84, Бөрліде 40, Шыңғырлауда 32, Теректіде 19, Қазталовта 15 адамнан коронавирус анықталды.

Індет басталғаннан бері облыс бойынша 16730 адам сырқаттанса, соның 13388-і жазылып шықты. 259 адам өмірден озды. 

Орал қаласында коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 9606, Бөрлі ауданында 1782, Бәйтеректе 1764-ке жетті.