Балқаш өсу нүктесі ретінде: Қазақстанға неліктен жаңа металлургиялық қуаттар қажет

Балқаш өсу нүктесі ретінде: Қазақстанға неліктен жаңа металлургиялық қуаттар қажет
xlom.ru

Қазақстан Президентінің 2025 жылғы Жолдауында тау-кен металлургия кешені ел экономикасының 8%-ын құрайтыны және жоғары өңделген өнім көлемін арттыру есебінен даму әлеуеті жоғары екені атап өтілді. О. А. Байқоңыров атындағы ТКМИ профессоры, PhD докторы Өмірсерік Байгенженов өзінің Facebook парақшасында бұл бағыт отандық мыс өнеркәсібі үшін де шешуші мәнге ие екенін жазды, деп хабарлайды Ult.kz.

Сарапшының пікірінше, елде мол шикізат қоры мен ірі байыту кешендері болғанымен, өндіру мен металлургиялық өңдеу арасында алшақтық сақталып отыр. 1938 және 1971 жылдары іске қосылған Балқаш пен Жезқазған зауыттары тұрақты жаңғыртылып жатқанымен, салаға заманауи жаңа өндірістік қуаттар ауадай қажет. Тек 2025 жылдың өзінде Қазақстан шетелге 1,42 млн тонна мыс рудасы мен концентратын экспорттаған.

«Технологиялық тұрғыдан алғанда, мұнда бір нәрсені түсіну маңызды: мыс концентраты — бұл соңғы өнім емес. Концентратты экспорттай отырып, ел шын мәнінде қосылған құн тізбегінің кейінгі бөлігін де шетелге беріп отыр», — деп атап өтті Өмірсерік Байгенженов.

Бұл мәселені шешудің басты жолы Балқаш қаласында жаңа мыс балқыту зауытын салу болмақ. Үкімет мақұлдаған инвестициялық келісімге сәйкес, жобаға 750 млрд теңге жеке инвестиция тартылады. Құрылыс жұмыстары 2027 жылы басталып, кәсіпорын 2030 жылы іске қосылады деп жоспарлануда.

Зауыт жылына 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын, 300 тонна күміс және 1,5 млн тоннадан астам күкірт қышқылын шығаруға есептелген. Сондай-ақ мұнда 1,2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.

Ғалымның пайымдауынша, ел ішінде руда өндіруден бастап дайын илек пен қорытпалар шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастыру қажет. Өндірілетін катодты мыс отандық кабельдер, құбырлар, фольга және машина жасау компоненттерін шығаруға негіз болады.

Жаңа зауыт іске қосылғаннан кейін Қазақстандағы жылдық мыс өндірісі 800 мың тоннадан асып, шикізатты сыртқа шығарудың орнына жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға мүмкіндік береді.