Freedom Inside '26

Әжетхана үшін айыппұл: Павлодар облысында ауыл әкімі жауапқа тартылды

Әжетхана үшін айыппұл: Павлодар облысында ауыл әкімі жауапқа тартылды
inbusiness.kz

Павлодар облысында ауылдық округ әкімдерінің бірі әкімдік ғимаратында мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы санитарлық тораптың болмауына байланысты әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ult.kz.

Halyqstan мәліметінше, Май ауданының Көктөбек ауылдық округінде жүргізілген прокурорлық тексеру барысында әлеуметтік инфрақұрылым нысанының мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін толық бейімделмегені анықталған.

Сот отырысында әкім әкімдік ғимаратында арнайы әжетхана жоқ екенін мойындаған. Оның айтуынша, заң талаптары туралы толық хабардар болмаған және бұған дейін тек қарапайым санитарлық торап орнатуға қаржы сұратқан.

Алайда сот мемлекеттік мекемелердің ғимараттары олардың салынған уақытына қарамастан барлық азаматтарға, соның ішінде мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді болуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ қаржы тапшылығы заң талаптарын орындамауға негіз бола алмайтыны көрсетілген.

Нәтижесінде ауыл әкіміне 216 250 теңге көлемінде айыппұл салынды. Ол сот шешіміне шағым түсіргенімен, жоғары тұрған сот қаулыны өзгеріссіз қалдырды.

Уәкілетті органның мәліметінше, прокуратура анықтаған ұқсас заңбұзушылықтар жиырмадан астам нысанда тіркелген. Олардың басшыларына қатысты да тиісті шаралар қабылданған.