Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Атыраулық «Хакерге» алаяқтық жасағаны үшін үкім шықты

Атыраулық «Хакерге» алаяқтық жасағаны үшін үкім шықты
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Атырауда әлеуметтік желіде «Хакер» деген атпен танылған 32 жастағы Нұрлан Жаңбырбаевқа қатысты сот үкімі шықты. Ол 12 адамды алдап, жалпы сомасы 13,3 миллион теңге шығын келтіргені үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды ult.kz.

Сот анықтағандай, Жаңбырбаев әлеуметтік желіде танымал болғанға дейін цифрлық технологияларға қатысты түрлі қызмет ұсынған. Біреулерге бұғатталған аккаунттарын қалпына келтіруге, енді біреулерге Jetu такси қосымшасына инвестиция салып, табыс табуға көмектесуге уәде берген. Сондай-ақ IT курстарын өткізіп, интернет-алаяқтарға алданып қалған азаматтарға ұрланған ақшасын қайтаруға жәрдемдесетінін айтқан.

Қылмыстық іс бойынша 12 адам жәбірленуші деп танылды. Алаяқтық деректері 2022, 2024 және 2025 жылдарға тиесілі. Жалпы келтірілген шығын 13,3 миллион теңгені құраған. Оның 10,3 миллион теңгеден астамын Жаңбырбаев өтеген.

Сот үкім шығару кезінде айыпталушының кінәсін мойындап, шын жүректен өкінгенін, бес кәмелетке толмаған баласы барын және бұрын сотталмағанын ескерген. Нәтижесінде оған 4 жыл 8 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Алайда рақымшылыққа байланысты жаза мерзімі 3,5 жылға қысқартылды.

Айта кетейік, Нұрлан Жаңбырбаев биыл Жангелдин ауылында жоғалып кеткен отбасыға қатысты оқиғадан кейін кеңінен танылды. Ол әлеуметтік желіде SIM-карталардың белсенділігін талдап, түрлі болжамдарын жариялап отырған. Сол кезде мыңдаған оқырман оның жазбаларын бақылап, блогерді халықтық тергеуші ретінде қабылдаған.

Алайда полиция өкілдері оның өз бетінше техникалық талдау жүргізбегенін, пайдаланған мәліметтері тергеу органдарында бұрыннан болғанын мәлімдеген.

Биыл қаңтарда Жаңбырбаев Түркияның Самсун қаласында ұсталып, 19 маусымда Қазақстанға экстрадицияланған. Оның алаяқтыққа қатысты қылмыстық істері Жангелдиндегі жоғалған отбасы оқиғасын зерттеуімен байланысты емес.

Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Жаңбырбаевтың жәбірленушілерге өтелмеген шамамен 3 миллион теңге берешегі бар.