Атырау қаласы әкімдігі төңірегінде туындаған шу басылар емес. Әлеуметтік желілерде бірнеше күн бұрын тараған «әкім орынбасары ұсталды» деген ақпарат ресми түрде нақтыланбаған күйі қоғамда түрлі болжамдарға жол ашқан еді. Енді бұл жағдайға қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті ресми түсініктеме беріп, тергеу жүріп жатқанын растады, деп хабарлайды ult.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасовқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Алайда істің мән-жайы ашық айтылған жоқ. Ведомство өкілдері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сүйене отырып, өзге ақпарат жария етілмейтінін мәлімдеді.
Осылайша, әлеуметтік желіде тараған ақпараттың бір бөлігі ресми тергеумен тұспа-тұс келгенімен, құқық қорғау органдары нақты айыптаулар мен істің мәнін ашық жариялаған жоқ. Бұл өз кезегінде қоғамда сұрақты көбейтіп отыр: бұл – жедел әрекет етілген антикоррупциялық іс пе, әлде әлі дәлелденбеген күдік деңгейіндегі тексеру ме?
Айта кетерлігі, бұған дейін желіде әкім орынбасары мен қалалық коммуналдық қызмет көрсету саласындағы ЖШС басшысының орынбасары ұсталғаны туралы бейресми ақпарат тараған. Алайда ресми органдар тек тергеу фактісін ғана растады.
Мұндай жағдайларда ақпараттың шектеулі жариялануы – заң талабы. Дегенмен дәл осындай «жабық тергеулер» қоғамда түрлі алып-қашпа әңгімелердің күшеюіне де жиі себеп болады.
Қазір негізгі назар тергеудің нәтижесіне ауып отыр. Істің әрі қарайғы барысы мен ықтимал шешімдері ресми деректер толық жария болғаннан кейін ғана белгілі болмақ.