Атырауда 16 жастағы оқушы қыз жоспарлы операциядан кейін қайтыс болды. Науқас жансақтау бөлімінде 18 күн жатқан. Ата-анасы қызының өліміне не себеп болғанын анықтауды талап етіп отыр, деп хабарлайды ult.kz.
«Ақ Жайық» басылымының мәліметінше, реаниматолог дәрігердің айтуынша, қыз жансақтау бөлімінде медициналық хаттамаға сәйкес ем қабылдаған. Алайда оның жағдайы біртіндеп нашарлай берген. Дәрігер қарқынды ем жүргізілгенін және мұрнындағы тампонның уақытында алынғанын мәлімдеді.
Ал марқұмның ата-анасы отадан кейінгі алғашқы сағаттарда қызына қандай медициналық көмек көрсетілгенін, оның қаншалықты уақытылы болғанын және асқынудың алдын алуға мүмкіндік бар-жоғын анықтауды сұрап отыр.
Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы жағдайды бақылауға алған. Ведомство арнайы комиссия құрылып жатқанын хабарлады.
Басқарма мәліметінше, жасалған операция техникалық тұрғыдан күрделі әрі жоғары дәлдікті талап етеді. Мұндай хирургиялық араласудан кейін белгілі бір қауіптер мен асқынулардың туындау ықтималдығы жоққа шығарылмайды.
«Операциядан кейін пациенттің жағдайы күрт нашарлауына байланысты медициналық ұйым тарапынан шұғыл және қарқынды емдеу шаралары толық көлемде жүргізілді. Сонымен қатар тиісті бейінді мамандар мен республикалық деңгейдегі сарапшылардың консультациялары ұйымдастырылды», – деді ведомство өкілі.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы, көрсетілген медициналық көмектің уақтылығы мен сапасы, сондай-ақ асқынудың себептері анықталып жатыр. Медициналық құжаттар тәуелсіз бейінді мамандардың қатысуымен қаралады.
Денсаулық сақтау басқармасы тексеру мен сараптама толық аяқталғанша алдын ала қорытынды жасауға болмайтынын атап өтті. Науқасқа қатысты медициналық ақпарат дәрігерлік құпия мен дербес деректерді қорғау талаптарына байланысты жарияланбайды.
Марқұм биыл 11-сыныпқа баруы керек болған. Ол отбасындағы тұңғыш перзент еді.