Атырауда жұмыс кезінде электр тогына түскен «Атырау-Жарық» қызметкері ауыр жарақат алып, аяғы мен қолынан айырылған. Сот жазатайым оқиғаға жұмыс беруші тарапынан қауіпсіздік талаптарының бұзылуы себеп болғанын анықтады, деп хабарлайды ult.kz.
Атырау облысы соттарының ресми Telegram-арнасындағы мәлімет бойынша, оқиға 2025 жылғы 19 желтоқсанда болған. Электр монтері желі тірегінде жұмыс істеп жатқан кезде диспетчер учаскеге электр қуатын қайта қосып жіберген. Салдарынан жұмысшыны ток соғып, оған ауыр жарақат келіп, аяқ-қолы ампутацияланған.
Арнайы комиссия бастапқыда жұмыс берушінің кінәсін 80 пайыз, ал жұмысшының кінәсін 20 пайыз деп белгілеген. Бұған келіспеген азамат сотқа жүгінді.
Сот барысында диспетчерге бригада жұмыс істеп жатқан желіні ажырату тапсырылғаны анықталды. Желі ажыратылғаны расталғаннан кейін жұмысшылар іске кіріскен. Алайда диспетчер учаскеде жұмыс жүріп жатқанын ұмытып, желінің жұмысқа қабілеттілігін тексеру үшін электр қуатын қайта қосқан.
Сонымен қатар жұмыс беруші тарапынан жұмыс барысын тиісті бақылау жүргізілмегені және жұмысшылар желіде болған кезде кернеудің қайта берілуіне жол бермейтін қауіпсіздік шаралары толық қамтамасыз етілмегені анықталды.
Сот жұмысшының өзіне тапсырылған міндет шеңберінде, жауапты маманның бақылауымен әрекет еткенін ескерді. Оның жазатайым оқиғаға әкелген қандай да бір әрекеті дәлелденбеген.
Нәтижесінде сот комиссияның жұмысшы кінәсін 20 пайыз деп көрсеткен қорытындысын негізсіз деп танып, жұмыс берушінің кінәсін 100 пайыз, ал жұмысшының кінәсін 0 пайыз деп белгіледі.
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сот қаулысы заңды күшіне енді.