Атырау облысының Исатай ауданындағы Тұщықұдық ауылында жоғалып кеткен үш және төрт жастағы екі бүлдіршін аман-есен табылды, деп хабарлайды ult.kz.
Алдын ала мәліметке сәйкес, оқиға 17 шілде күні кешкі уақытта болған. Балалардың жоғалғаны туралы хабарлама түскен бойда оларды іздеуге полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар қызметінің мамандары және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды.
Бастапқы ақпаратқа сәйкес, бүлдіршіндерді ауылдың 25 жастағы тұрғыны ертіп кеткен. Куәгерлердің айтуынша, ол балаларға балмұздақ алып беретінін айтып, өзімен бірге алып шыққан.
Жедел ұйымдастырылған іздестіру жұмыстарының нәтижесінде шамамен үш сағаттан кейін екі бала да дін аман табылды. Күдікті ұсталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді.
Әлеуметтік желілерде күдіктінің психикалық ауруға шалдыққаны туралы түрлі ақпарат тарағанымен, қазіргі уақытта бұл мәлімет құзырлы органдар тарапынан ресми түрде расталған жоқ. Оқиғаның барлық мән-жайын полиция анықтап жатыр.