Атырау облысында полиция инспекторы жол апатына себепкер болды

Атырау облысында полиция инспекторы жол апатына себепкер болды


Атырау облысында полиция инспекторы жол апатына себепкер болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жол апаты 17 қарашада Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында болған. Бұл деректі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.


«Құлсары қаласындағы «Кең Жылыой» шағын ауданында жергілікті уақытпен сағат 15:30 шамасында «Lada–21214» маркалы қызметтік көлікті басқарған ювеналды полиция тобының инспекторы басты жолда келе жатқан «Toyota Alphard» көлігіне жол бермеген. Соның салдарынан жол-көлік оқиғасына себепкер болды. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, екі көліктің жүргізушісі мас күйде болмағаны және дене жарақаттарын алмағаны анықталды» -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Қазір жол-қауіпсіздік ережесі талаптарын орындамаған полиция қызметкеріне қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодесінің 610-бабымен хаттама толтырылған. Аталған дерекке байланысты облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тергеу жүргізіп жатыр.