Астанада ерекше бала құрдастарының соққысына ұшырады

Астанада ерекше бала құрдастарының соққысына ұшырады
aqiqat.kazgazeta.kz

Астанада сөйлеу және психикалық дамуы тежелген оқушы сабақтан кейін құрдастарының соққысына ұшыраған. Бұл туралы баланың анасы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды., деп хабарлайды ult.kz.

Әйелдің айтуынша, жасөспірімді сабақтан шыққан кезде сегіз бала күтіп тұрған. Олардың бірі артынан келіп, оны қылқындырып, кейін соққыға жыққан.

Ал қалғандары болған оқиғаны сырттай бақылап, күліп тұрған. Кейбірі жайтты телефонға түсіріп алған, тіпті басқа оқушылардың араша түсуіне кедергі жасаған.

— Буллинг тек ұрып-соғумен шектелмейді. Баланы қорлап жатқанда үнсіз тұрғандар, айтақтағандар мен видеоға түсіргендер де жауапты, — деп жазды анасы.

Оқиғаға қатысты Астана қалалық полиция департаменті пікір білдірді.

Ведомство мәліметінше, жанжалға қатысқан барлық жасөспірім анықталып, полицияға жеткізілген. Олар профилактикалық есепке қойылды.

Сондай-ақ кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін олардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Полицияның хабарлауынша, мектеп әкімшілігі мен ата-аналардың қатысуымен профилактикалық кеңес өткізіліп, буллингтің алдын алу, оқушылардың мінез-құлқын бақылауды күшейту және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мәселелері қаралған.