Астанада қоғамдық тәртіпті сақтау шаралары күшейтілді. Қала көшелерінде полиция жасақтары мен Ұлттық ұлан сарбаздарының саны артты, деп хабарлайды ult.kz.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күшейтілген режим маңызды халықаралық іс-шаралар қарсаңында енгізілген. Патрульдік қызметке полиция бөлімшелері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері тартылды.
Бағыттарға шығар алдында №5573 әскери бөлімінің аумағында жалпы гарнизондық таратылым өткізілді. Онда жеке құрамның қоғамдық тәртіпті сақтау мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайындығы тексерілген.
Күшейтілген бақылау кезінде құқықбұзушылықтың алдын алу, азаматтар көп жиналатын орындарды бақылау және жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты назарда болады. Сондай-ақ ықтимал оқиғаларға жедел әрекет ету тапсырылған.
Тәртіп сақшыларына тұрғындармен сыпайы әрі әдепті қарым-қатынас жасау міндеті де ерекше ескертілді.
Айта кетейік, 28-29 мамыр күндері Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы мен V Еуразиялық экономикалық форумы өтеді.