Әскердегі әлімжеттік: сарбазды ұрған сержантқа үкім шықты

Әскердегі әлімжеттік: сарбазды ұрған сержантқа үкім шықты
egemen.kz

Ақтөбе гарнизонының әскери соты мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген сарбазды соққыға жыққан сержантқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды ult.kz.

Сот материалдарына сәйкес, мерзімді әскери қызметшілерге жауапты болған сержант қарамағындағы сарбазды ұрып-соғып, оның денсаулығына орташа ауырлықтағы жарақат келтірген.

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұрады. Дегенмен ол азаматтық талап аясында жәбірленушінің соттағы өкілінің қызметіне жұмсалған шығынды ішінара өтеуге келісім білдірді.

Сот сержанттың кінәсі сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен, жәбірленуші мен куәлардың, сондай-ақ сарапшының айғақтарымен толық дәлелденгенін атап өтті.

Сот үкімімен әскери қызметкер кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол жәбірленушіге 700 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы және 900 мың теңге сот шығындарын төлеуге міндеттелді.

Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.