Арқалық жылу және электр желілерін жаңғыртуға 5,8 млрд теңге бөлінді

Арқалық жылу және электр желілерін жаңғыртуға 5,8 млрд теңге бөлінді
Үкімет

Мемлекет басшысының жылу маусымын тұрақты әрі үздіксіз өткізу жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен Қостанай облысының Арқалық қаласындағы жылу магистралін реконструкциялау және электр желілерін жаңарту жобаларын аяқтауға 5,8 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды ult.kz.

Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Бөлінген қаражат екі бағыт бойынша қарастырылған: 

  • 3 млрд теңге – қаланың электр желілерін реконструкциялауға;
  • 2,8 млрд теңге – ұзындығы 8,3 шақырым жылу магистралін жаңғырту жұмыстарын аяқтауға. 

Аталған жұмыстарды жүргізу қажеттілігі Арқалық қаласындағы жылу және электрмен жабдықтау жүйелерінің тозу деңгейінің жоғары болуына байланысты туындап отыр. Энергетикалық инфрақұрылым нысандарының едәуір бөлігі 1970 жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқандықтан кешенді жаңартуды қажет етеді.

Жылумен қамту саласында 2025 жылы Арқалық қаласының жылу желілерін жөндеуге 914 млн теңге бағытталды. Оның 645,5 млн теңгесі – Үкімет резервінен, қалғаны – облыстық бюджеттен. Бөлінген қаражат есебінен 1,6 шақырым желі жаңартылды. 

Жылу магистралінің қалған бөлігін реконструкциялау жұмыстарын аяқтау жылу желілерінің тозу деңгейін 25%-ға төмендетіп, жалпы қаладағы жылумен жабдықтау жүйесінің жұмыс істеу сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Электр желілерін жаңарту жобасы аясында үш қосалқы стансаны реконструкциялау, 110, 35 және 10 кВ кернеулі электр беру желілерін салуды және реконструкциялау, ұзындығы 37,8 шақырым болатын желілердегі ағаш бағандарды темірбетон тіректерге ауыстыру жоспарланған. Бұл шаралар Қостанай облысының Арқалық қаласының, Жангелдин және Амангелді аудандарының 58 мың тұрғынын тұрақты электрмен жабдықтауды қамтамасыз етеді.

Жалпы, Үкімет қабылдап отырған инфрақұрылымды жаңғырту шаралары өңірдің тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің тұрақтылығын арттыруға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және Арқалық қаласы мен оған іргелес аудандардың одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына негіз қалыптастыруға бағытталған.