Ақтөбеде 35 мың көрерменге арналған жаңа стадион салынады

Ақтөбеде 35 мың көрерменге арналған жаңа стадион салынады
Үкімет

Ақтөбеде жаңа футбол стадионын салуға Үкімет резервінен 6,5 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды ult.kz.

Қаражат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген футболды дамыту және өңірлердегі спорт инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында бағытталды. 

Жаңа стадион қаланың батыс бөлігінде, аумағы 25 гектар жерде салынып жатыр. Арена 35 мың көрерменге дейін қабылдай алады. Жоба УЕФА-ның 4-деңгей талаптарына сәйкес әзірленген.

Жалпы ауданы 80 мың шаршы метрден асатын бес қабатты спорт кешенінде футбол алаңы мен көрермендер трибуналарынан бөлек, командалар мен БАҚ өкілдеріне қажетті инфрақұрылым қарастырылады. Сонымен қатар нысанда жас спортшыларды даярлауға мүмкіндік жасалады.

Жобаны үш кезеңде іске асыру жоспарланған. Үкімет бөлген 6,5 млрд теңге құрылыстың биыл басталған бірінші кезеңіне жұмсалады. Стадионды 2028 жылдың қыркүйегінде пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жаңа аренаның құрылысы Ақтөбедегі футболға деген жоғары сұранысқа байланысты қолға алынған. Қаладағы қазіргі орталық стадион 1975 жылы салынған және шамамен 13 мың көрерменге арналған.

«Ақтөбе» футбол клубының өз алаңындағы матчтарына қызығушылық жоғары. Кей кездері ойынға барғысы келетін жанкүйерлер саны қолданыстағы стадион сыйымдылығынан үш есе асып түседі.

Жаңа арена жанкүйерлерді көбірек қабылдап қана қоймай, халықаралық деңгейдегі футбол матчтарын, сондай-ақ ірі спорттық, мәдени және қоғамдық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді.