Ақтөбе облысында бір айда төрт баланы жылан шақты

Ақтөбе облысында бір айда төрт баланы жылан шақты
ашық дереккөз

Аптап ыстыққа байланысты Ақтөбе облысында жыландардың белсенділігі артқан. Соңғы бір айда өңірде жылан шағудың төрт жағдайы тіркелді. Зардап шеккендердің барлығы – балалар, деп хабарлайды ult.kz.

Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оның екеуі Ақтөбе қаласында, тағы екеуі Хромтау ауданында болған.

Абырой болғанда, жылан шаққан балалардың ешқайсысының өміріне қауіп төнбеген. Қазір олардың денсаулығына қатысты қауіп жоқ.

Құтқарушылар ата-аналарды балаларға жыландардан сақ болу қажеттігін түсіндіруге шақырды.

Мамандардың айтуынша, балалар биік шөпке, тастардың арасына, ағаш түбіне, құрылыс материалдарының маңына және жыландар жасырынуы мүмкін басқа да жерлерге жақындамауы керек.

Сондай-ақ су айдындарының маңында абай болған жөн. Жыланды байқап қалған жағдайда оған жақындамай, ұстап көруге немесе қууға болмайды.