Ақтөбе облысында бұрын төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген Шалқар қаласының бұрынғы әкімі өзін ақтап шығарамын деген уәдеге сеніп, алаяққа 4 миллион теңге берген, деп хабарлайды ult.kz.
«Диапазон» газетінің мәліметінше, экс-шенеунік сот үкімімен келіспей, заңгерлік көмек іздеген. Сол кезде туыстары оған өзін құқықтық мәселелерді шеше алатын маман ретінде таныстырған С. есімді әйелді ұсынған.
Бұрынғы әкім әкесімен бірге әйелдің үйіне барған. Кездесу барысында әйел ақтау үкімін шығаруға ықпал ете алатынын айтып, қызметі үшін 8 миллион теңге сұраған. Ер адам сұралған соманың жартысын – 4 миллион теңгені қолма-қол берген.
Бір аптадан кейін әйел істің шешіліп жатқанын айтып, ақтау үкімі шыққан соң қалған ақшаны төлеуді сұраған. Алайда уәде орындалмай, экс-әкім ақталмаған.
Басылымның жазуынша, тараптар арасында ешқандай келісімшарт жасалмаған, ақша да ешбір түбіртексіз берілген. Ал сотта әйел бұл қаражатты қарыз ретінде алғанын алға тартқан.
Тергеу барысында өзін «адвокат» ретінде таныстырған әйелдің басқа да алаяқтық істерге қатысы бары анықталды. Ол сыбайласымен бірге азаматтарға мемлекеттік жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы арқылы кейін сатып алу құқығымен пәтер алып береміз деп уәде еткен.
Осы схемаға сенген жәбірленушілердің бірі алаяқтарға елордадағы тұрғын үй кешендерінен бірнеше пәтер алып беру үшін 47 миллион теңге берген.
Сот нәтижесінде 54 жастағы әйел алаяқтық жасағаны үшін алты жылға бас бостандығынан айырылып, сот залында қамауға алынды. Оның сыбайласы да дәл осындай жазаға кесілді. Алайда кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты оның жазасын өтеу мерзімі үш жылға кейінге шегерілді. Сондай-ақ сот екеуін де жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттеді.