Freedom Inside '26

Ақсуда екі жасар сәби терезеден құлап көз жұмды

Ақсуда екі жасар сәби терезеден құлап көз жұмды
Ашық дереккөзден

Ақсу қаласында екі жасар бала үшінші қабаттың терезесінен құлап, ауыр жарақат салдарынан көз жұмды, деп хабарлайды ult.kz.

Қайғылы оқиға 11 маусым күні болған. Сәби үйде анасымен бірге болған. Анасы түскі ас дайындау кезінде ас үйге бір сәтке шыққан сәтте бала терезе алдына шығып, москит торына сүйенген. Тордың шыдамай кетуінен бала төмен құлаған.

Оқиға орнынан ауыр халде табылған бала алдымен Ақсу қалалық ауруханасы жансақтау бөліміне жеткізілген. Кейін сол күні Павлодар қаласына ауыстырылған.

Павлодар облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ведомство кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерінің орындалуы қарастырылып жатқанын атап өтті.

Дәрігерлердің айтуынша, бала ауыр бас-ми жарақатын алған және жағдайы өте ауыр болған. Барлық медициналық шараларға қарамастан, 2023 жылы туған бүлдіршін ота кезінде көз жұмды.

Павлодар облыстық балалар ауруханасы мамандарының мәліметінше, дәрігерлер баланы аман алып қалу үшін бар күшін салған, алайда алған жарақаттары өмірімен үйлеспеген.