Ақмола облысында 65 жастағы мұғалім интернет-алаяқтардың арбауына түсіп, жалған инвестициялық платформаға 7,5 млн теңге аударып жіберген, деп хабарлайды ult.kz.
Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, ер адам өткен жылдың шілде айында өзін инвестициялық компания ретінде таныстырған интернет-платформаға тіркелген. Осыдан кейін оған «қаржы кеңесшілері» хабарласып, жоғары табыс пен инвестицияның жылдам өсетініне сендіріп, қаражат салуға көндірген.
Жәбірленуші бірнеше ай бойы алаяқтар көрсеткен есепшоттарға ақша аударып отырған. Жеке жинағы таусылғаннан кейін таныстары мен әріптестерінен қарыз алып, инвестиция жасауды жалғастырған. Осылайша ол алаяқтарға жалпы 7,5 млн теңге жіберген.
Ақшасын кері қайтара алмағаннан кейін және өзін инвестициялық компания өкілдері байланысын үзген соң ғана ер адам алаяқтардың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.
Полиция интернет-алаяқтар шынайы инвестициялық платформаларға ұқсас сайттар жасап, жалған лицензиялар мен қолдан жасалған табыс көрсеткіштерін пайдаланатынын ескертті. Сондай-ақ олар жәбірленушілермен тұрақты байланыс орнатып, жалған пайда көрсетіп, көбірек қаржы салуға итермелейді.
Осыған байланысты тәртіп сақшылары азаматтарды интернет арқылы оңай әрі тез табыс табуға уәде беретін ұсыныстарға сенбеуге, инвестиция жасамас бұрын компанияның заңдылығы мен лицензиясын мұқият тексеруге шақырды.