Әнші Argonya концерттегі әрекетіне түсініктеме берді

Әнші Argonya концерттегі әрекетіне түсініктеме берді
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Танымал әнші Argonya алғаш рет сұхбат беріп, Қайрат Нұртастың Астанада өткен концертінде болған жағдайға қатысты пікір білдірді. Өнер иесі әлеуметтік желіде өзіне бағытталған сынға жауап беріп, сол күні сахнаға қандай жағдайда шыққанын айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Әншінің сөзінше, концерт күні денсаулығы сыр беріп, дене қызуы көтерілген. Соған қарамастан, көрермен алдындағы міндетін орындау үшін сахнаға шығуға шешім қабылдаған.

“Сол концертке біз шынымен қатты ауырып бардық. Мен қатты ауырып бардым. Дене қызуым көтеріліп тұрды. Шынымды айтатын адаммын. Ауырып тұрғаннан кейін 100 грамм тартып жібердім. Қатты көрініп қалды деп ойлаймын. Тентіреп тұрған жоқпыз ғой. Басым, құлағым барлығы дыңылдап тұрды”, – деді әнші.

Argonya өзін жайсыз сезінгенімен, концертке қатысудан бас тарта алмағанын жеткізді. Өйткені көрермендерге оның өнер көрсететіні алдын ала хабарланған.

“Тырысып жатырсың, билеп жатырсың, бірақ денсаулық қой. Іштей шаршап тұрсың, бірақ сені келеді деп айтып қойған. Қалай сен “жоқ, бармаймын” дейсің? Аллаға шүкір, жанды дауыста айтып шықтық”, – деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар өнер иесі сахнадағы өнеріне қатысты жағымсыз пікірлерге де тоқталды. Оның айтуынша, концерт кезінде техникалық қолайсыздықтар да болған.

“Ал хейтерлер бұрын да болған, қазір де бар. Мен құлаққапсыз болдым. Сол да әсер етеді. Стадионның жаңғырығы да өзіңе қайтып келіп естіледі”, – деді Argonya.

Осылайша, әнші концерт кезіндегі әрекеті мен өнер көрсету сапасына денсаулығының нашарлауы және сахнадағы дыбыс ерекшеліктері әсер еткенін жеткізді.

Айта кетейік, Қайрат Нұртастың концертіне келушілер 18 жастағы қызды таптап кеткен.

Argonya кім?

Argonya (Арғын Аусаров) – қазақстандық әнші, композитор, әндердің сөзін жазатын автор. Ол Павлодар облысының Екібастұз қаласында дүниеге келген. Өнер иесі қазақ эстрадасында ерекше музыкалық бағытымен және өзіндік орындау мәнерімен танылған.

Argonya 2019 жылдан бастап көпшілікке кеңінен таныла бастады. Оның “Түн”, “Қас-қабақ”, “Бүйту керек еді”, “Қаламаймын”, “Соған қарап” және “Сені сүйем” әндері тыңдарман арасында танымал болды. Әнші шығармаларының сөзі мен әуенін өзі жазып, музыкалық өңдеу жұмыстарына да қатысады.

Өнер иесі Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі, Айқын Төлепберген және басқа да қазақстандық орындаушылармен бірлесіп ән шығарған. Әсіресе Қайрат Нұртаспен орындаған “Маскүнем” әні үлкен танымалдыққа ие болды. Бұл туынды YouTube желісінде миллиондаған қаралым жинаған.

Argonya шығармашылық жолын бастаған кезде асабалықпен де айналысқан. Кейін жеке әндерін шығарып, кәсіби музыка саласына ден қойған. Ол сұхбаттарының бірінде ән жазғанда мәтіннің мағынасына, әуеннің ерекшелігіне және тыңдарманның қабылдауына ерекше мән беретінін айтқан.

Әншінің анасы Сая Құдайбергенқызы оның продюсері ретінде шығармашылық жұмыстарын ұйымдастыруға көмектеседі. Argonya бірнеше жыл бойы қазақ эстрадасында әнші әрі автор ретінде еңбек етіп келеді.