Freedom Inside '26

Анадан қалған мұра: Шымкенттік тұрғын бауырларын сотқа берді

Анадан қалған мұра: Шымкенттік тұрғын бауырларын сотқа берді
ашық дереккөз

Шымкентте анадан қалған мұраға байланысты туған бауырлар арасында туындаған дау сотта қаралып, ақыры медиация арқылы шешімін тапты, деп хабарлайды ult.kz.

Іс материалдарына сәйкес, талапкер анасы қайтыс болғаннан кейін өзіне тиесілі мұра үлесінен бас тартып, оны бауырларының бірінің атына рәсімдеген. Алайда арада уақыт өткен соң ол бұл шешімін қайта қарап, мұрадан бас тарту туралы әрекетті жарамсыз деп тануды және мұрагерлік құқықтарын қалпына келтіруді сұрап сотқа жүгінген.

Талапкер мұндай қадамға психологиялық қысымның әсерінен барғанын алға тартқан. Дегенмен жауапкерлер бұл уәжбен келіспеді. Нәтижесінде Шымкент қаласының ауданаралық азаматтық соты талап-арызды қанағаттандырудан бас тартқан.

Кейін іс апелляциялық сатыда қаралып жатқан кезде тараптар өзара келісімге келуге шешім қабылдады. Дауды сот медиациясы тәртібімен реттеу нәтижесінде талапкер бастапқы талаптарынан бас тартты.

Ал оның бауыры сыйға тарту шарты негізінде мұра құрамындағы пәтердің үлесін талапкерге беруге келісті. Осылайша тұрғын үйдің бір бөлігі талапкердің иелігіне өтетін болды.

Келісім шарттарының бірі ретінде үй иесіне жылжымайтын мүлікті өзге бауырларының келісімінсіз сатуға тыйым салынды.

Сот медиативтік келісімді бекітіп, іс бойынша өндірісті тоқтатты.