Әуезов ауданы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының аясында қоғамдық кеңістікті біртіндеп абаттандырып жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры барысында осы жобаның жүзеге асу барысын БАҚ өкілдеріне таныстырып шықты.
Нысандардың бірі – Тастақ-1 шағынауданы, №6 тұрғын үйдің ауласы. Аудан әкімдігі аппаратының мәліметінше, жалпы аумағы 920 шаршы метрді қамтитын жоба 1200-ден астам тұрғынға арналыпты.
Нысан 85 пайызға дайын тұр. Мұнда қазір жабын төсеп, шағын сәулет нысанын орнатып, аумақты абаттандырып жатыр. Жоба аяқталғаннан кейін аулада балалардың ойын алаңы, 22 шағын сәулет нысаны, жаңа орындықтар мен қоқыс жәшігі, жарықтандыратын және бақылау жүйесі орнатылады.
Келесі жол түскен жер Тастақ-1 шағынауданындағы №7 мен №8 тұрғын үйдің арасындағы жаңа саябақ болды. Бұл жоба да «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасымен қолға алынып, 1200-ден астам тұрғынға арналыпты.
Саябақта ойын алаңын салу, шағын сәулет нысандарын, жарықтандыру мен бақылау жүйесін орнату жоспарланған. Сондай-ақ көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінеді: аумаққа шамамен 5 мың бұта мен 2 мың шаршы метрге жасыл желек егіліп, автоматты суару жүйесі іске қосылады.
Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиевтің айтуынша, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы тұрғындарға қалалық ортаны дамытуға тікелей ықпал етуге мүмкіндік береді.
«Бұлардың барлығы тұрғындардың өзі көтерген бастама. Біздің міндетіміз – тұрғындардың үйіне жақын жерде жайлы әрі қауіпсіз қоғамдық кеңістік қалыптастыру. Қазір жұмыс кестеге сәйкес істеліп жатыр. Жақын уақытта тұрғындар демалып, балаларымен уақыт өткізіп, спортпен айналыса алатын жаңа аулалар мен саябақтарды пайдалануға береміз», – деді аудан әкімі.
Оның айтуынша, аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру ауданды дамытудың басым бағытының бірі болып отыр екен. Жобаларды іске асыру барысында жаңа демалыс орнын құрумен қатар қауіпсіздікке, жарықтандыруға, көгалдандыруға көп көңіл бөлініп отыр.
Екі жоба да биылғы жылдың мамыр айында басталды. Бекітілген кестеге сәйкес, құрылыс пен абаттандыру жұмыс биылғы 25 тамызда аяқтамақшы.
Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін Тастақ-1 шағынауданының тұрғындары жайлы қалалық ортаның талабына сай келетін осы заманғы қоғамдық кеңістікті пайдалану мүмкіндігіне ие болады.

