Алматыда 70 жастағы әйел көпқабатты тұрғын үйдің бесінші қабатынан құлап, оқиға орнында көз жұмды. Бұл дерек бойынша полиция тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға Бостандық ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде күндіз болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, бесінші қабаттан құлаған әйел ауыр жарақат алып, жедел медициналық жәрдем бригадасы келгенге дейін көз жұмған.
Марқұмның 70 жаста болғаны және сол тұрғын үй кешенінде тұрғаны белгілі болды. Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен жедел-тергеу тобы жұмыс істеді.
Қазір полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу аясында куәгерлерден жауап алынып, бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп, қажетті процессуалдық іс-шаралар жүргізілуде.
Полицияның мәліметінше, қайғылы оқиғаның нақты себебі тергеу барысында анықталады. Марқұмның жақындарының айтуынша, бұған дейін оның мінез-құлқынан алаңдатарлық өзгерістер байқалмаған.