Алматыда Құрамыс және Шұғыла шағынауданында екі емхананың, сондай-ақ Ақжар шағынауданында отбасылық-дәрігерлік амбулатория салынып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Құрамыс шағынауданында бір ауысымда 500 адам қабылдайтын емхананы 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі уақытта нысанда әрлеу және қасбетті жаңарту жұмыстары, сондай-ақ инженерлік жүйелер мен металл құрылымдарын монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Шұғыла шағынауданында да бір ауысымда 500 адам қабылдайтын тағы бір емхана салынып жатыр. Қазір мұнда монолитті жұмыстар, қабырға қалау, шатыр орнату және инженерлік желілерді тарту жұмыстары атқарылуда. Құрылысты осы күзде аяқтау жоспарланып отыр.
Ақжар шағынауданында бір ауысымда 200 адам қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулатория бой көтеруде. Сонымен қатар №7 қалалық клиникалық аурухананы қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Жобаны 2027 жылы көктемде аяқтау жоспарланған.