Алматыдағы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "HALAL-HOLDINQ" ЖШС-ін тиісті аккредитациясыз "халал" сертификаттарын бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды ult.kz.
Сот мәліметінше, компания өнімдер мен қызметтердің "халал" талаптарына, оның ішінде OIC/SMIIC халықаралық стандарттарына сәйкестігін растайтын құжаттарды қажетті рұқсатсыз рәсімдеп келген. Іс материалдарына сәйкес, мұндай сертификаттар бірқатар кәсіпкерлік субъектілеріне берілген.
Сот қаулысында бұл құжаттардың кәсіпкерлер тарапынан коммерциялық қызметте пайдаланылғаны, яғни тұтынушылардың сеніміне, серіктестермен қарым-қатынасқа және компаниялардың іскерлік беделіне тікелей әсер еткені айтылған.
Тексеру барысында "HALAL-HOLDINQ" ЖШС-інің ұлттық аккредиттеу жүйесінде тіркелмегені және қолданыстағы аккредитация аттестаты болмағаны анықталды.
Компания директоры Алмагүл Әбілдинова сот отырысында құқық бұзушылықты мойындап, іс материалдарындағы деректерді растаған. Нәтижесінде серіктестікке 25 АЕК, яғни 108 125 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Бұған дейін заңды күші жоқ "халал" сертификаттарын пайдаланып келген мыңдаған кәсіпкер туралы ақпарат тараған болатын.