Freedom Inside '26

Алматы облысында журналистерге пәтер кілті табысталды

Алматы облысында журналистерге пәтер кілті табысталды
Алматы облысының әкімдігі

Алматы облысында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай өңір журналистеріне пәтер кілті табысталып, ақпарат саласының үздіктері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Салтанатты рәсімде марапаттарды облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев табыстап, БАҚ өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады, деп хабарлайды ult.kz.

Мемлекет басшысының атынан «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұңғатар мен «Өлке тынысы» ЖШС-ның баспа қызметіндегі үйлестірушісі Жанат Тоқановаға жаңа пәтердің кілті берілді.

Сондай-ақ ардагер журналист, «Өлке тынысы» ЖШС басшысының кеңесшісі Кәдірбек Құныпияұлы «Парасат» орденімен, «Еңбекшіқазақ» газетінің тілшісі Игорь Туранин «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ал «Алатау арайы» газетінің жауапты хатшысы Шолпан Нұржауова «Шапағат» медалімен марапатталды. Бұдан бөлек, бірқатар медиа маман «Еңбек ардагері», «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілеріне, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарға ие болды.

Облыс әкімі журналистердің қоғамдағы рөліне тоқталып, олардың ел мен халық арасындағы байланысты нығайтудағы еңбегін жоғары бағалады.

Сонымен қатар Марат Сұлтанғазиев журналистер үшін тағы бір жағымды жаңалықты жариялады. Оның айтуынша, биылдан бастап «Алатау» өңірлік ипотекалық бағдарламасына «Бұқаралық ақпарат құралдары» санаты енгізілді. Енді Алматы облысында еңбек ететін журналистер аталған бағдарлама арқылы баспана алуға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ өңірде жыл сайын ұйымдастырылатын «Самғау» медиа сыйлығы биыл да жалғасады. Байқауда «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» тақырыптарындағы үздік материалдармен қатар, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын жан-жақты насихаттаған журналистер де марапатталады.

Жаңа баспанаға ие болған Қуаныш Тұңғатар бұл қолдауды журналистер еңбегіне көрсетілген үлкен құрмет деп бағалап, Мемлекет басшысы мен облыс әкімдігіне алғысын білдірді.