Алматы облысында агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға арналған мемлекеттік субсидияларды заңсыз алу және жалған шот-фактуралар жазып беру деректері бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды ult.kz.
Қылмыстық істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті тергеген.
Тергеу мәліметінше, «Бағдаулет и ПК» және «Амантау-2023» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің басшысы екі жыл бойы мемлекеттік бағдарламалар аясында субсидияларды заңсыз алып келген.
Ол ауыл шаруашылығы басқармасына шикі сүт сатып алу, сондай-ақ сары май мен қатты ірімшік өндіру және өткізу жөнінде жалған мәліметтер ұсынған. Осы құжаттардың негізінде бюджеттен 251 миллион теңгеден астам субсидия заңсыз төленген.
Алайда тергеу барысында аталған кооперативтерде көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыруға қажетті өндірістік қуаттардың, жабдықтардың, жұмыс күшінің және басқа да ресурстардың болмағаны анықталған.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары «ComputerService» жеке кәсіпкерлігі арқылы жалған электрондық шот-фактуралар жазып беру схемасын әшкерелеген. Тергеу деректеріне сәйкес, бұл тәсіл жалған мәмілелерді рәсімдеу және контрагенттердің салықтық жүктемесін жасанды түрде төмендету үшін пайдаланылған.
Салдарынан бюджетке төленбей қалған салық көлемі 416 миллион теңгеден асқан.
Сот қылмыстық схемаға қатысы бар екі адамды кінәлі деп танып, оларды 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған BMW автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленді.
Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.