Алматы облысында 17 жастағы қыз екі айдан бері табылмай жатыр

Алматы облысында 17 жастағы қыз екі айдан бері табылмай жатыр
Видеодан скриншот

Алматы облысында 17 жастағы Ясмина Шертаева екі айға жуық уақыттан бері іздестіріліп жатыр. Ол Долан ауылындағы үйінен түнде, отбасы ұйықтап жатқанда, ешкімге ескертпестен шығып кеткен. Қыз өзімен бірге киімдері мен жинаған ақшасын алып кеткен, деп хабарлайды ult.kz.

КТК арнасының мәліметінше, анасының айтуынша, Ясмина жоғалар алдында жаңа телефон сатып алып, байланыс нөмірін ауыстырған. Кейін қыздың бұрынғы сыныптасына белгісіз нөмірден қоңырау шалғаны белгілі болған. Ол жағдайының жақсы екенін айтып, әйелдермен бірге тұрып жатқанын жеткізгенімен, нақты мекенжайын айтпаған.

Ясмина 11-сыныпты бітірген соң көршісінің үйінде тігінші болып жұмыс істеген. Көршісі Мөлдір Құмархан оны тыныш әрі еңбекқор қыз ретінде сипаттады.

Анасы үйде жанжал болмағанын айтады. Алайда қызды бір жігітпен таныстырмақ болғанын кейін білген. Осы жағдайдың оның үйден кетуіне әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

«Қызым, егер біз сені ренжітіп алсақ, кешірші. Мүмкін, шаршап кеткен шығарсың. Үйге қайтшы, өтінемін», – деді Гүлнара Шертаева.

Ата-анасы полицияға арыз берген. Қазір қызды полиция мен еріктілер іздеп жатыр. Оның сыртқы белгілері көрсетілген бағдарлау барлық полиция бөлімшелеріне жіберілген.

Туыстары Ясминаны көрген немесе оның қайда екенін білетін адамдардан полицияға хабарласуды сұрайды.