Алматы метросындағы тексеру барысында жолаушылардың бірінің сөмкесінен пышақ пен кісен табылып, ер адам полицияға жеткізілді, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға «Райымбек» метро станциясында болған. Полиция қызметкерлері мен көліктегі қауіпсіздік қызметінің мамандары бірлескен тексеру кезінде рентген-телевизиялық қондырғы арқылы жолаушының сөмкесінен пышақ пен арнайы құрал – кісенді анықтады.
Полиция департаментінің мәліметінше, ер адам оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Алматы қаласы Жетісу аудандық полиция басқармасына жеткізілген.
Қазіргі уақытта полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Ұсталған азаматтың әрекетіне құқықтық баға тергеу қорытындысы бойынша беріледі.