Алматыда 1 қыркүйекте көлік жүктемесін азайту үшін бірқатар қызметкер қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстырылады. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.
Оқу жылының алғашқы күнінде мектептер маңындағы жол қозғалысын 470 полиция қызметкері реттейді. Тұрғындарға мектепке жеке көлікпен бармау және бағыттарын алдын ала жоспарлау ұсынылды.
Қыркүйектің алғашқы екі аптасында қоғамдық көлік жұмысы да күшейтіледі. Қолданыстағы 3200 автобусқа қосымша 500-ге жуық автобус шығарылады. Метро құрамдарының саны 11-ден 13-ке көбейіп, таңғы уақытта пойыздар арасындағы интервал 3 минутқа дейін қысқарады.
Мектептер маңындағы жол инфрақұрылымы да тексеріліп, анықталған 140-тан астам кемшілік жойылды. Білім беру ұйымдарының аумағы тәулік бойы бейнебақылауда болады.
Қыркүйектің алғашқы аптасында жүк көліктерінің қозғалысына бақылау күшейеді. Салмағы 8 тоннадан асатын көліктердің белгіленген учаскелерде 07:00-ден 22:00-ге дейін жүруіне шектеу қойылған.
Сонымен қатар қала орталығындағы ірі компаниялар мен ұйымдарға қыркүйектің алғашқы күндері қызметкерлердің бір бөлігін қашықтан жұмысқа ауыстыру немесе жұмыс уақытын икемді ұйымдастыру ұсынылды. Әкімдікке қарасты ұйымдар 1-5 қыркүйек аралығында осы шараларды қолданады.
Қала тұрғындарына таңертең жеке көлікпен жолға шықпай, қоғамдық көлік пен метроны пайдалану және бағытты алдын ала жоспарлау ұсынылды.