Әлеуметтік желідегі балағат сөзі үшін жұмыстан шығарылған дәрігер қызметіне қайта алынды

Әлеуметтік желідегі балағат сөзі үшін жұмыстан шығарылған дәрігер қызметіне қайта алынды
gov.kz

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот әлеуметтік желіде балағат сөздер айтылған видеолар жариялағаны үшін жұмыстан шығарылған дәрігерді қызметіне қайта орналастырды, деп хабарлайды ult.kz.

Әйел дәрігер мемлекеттік емханада 2023 жылғы 17 тамыздан бастап жұмыс істеген. Ал 2025 жылғы 8 тамызда еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасымен бұзылған.

Бұған дәрігердің әлеуметтік желіде балағат сөздер қолданылған видеоларды жариялауы себеп болған. Ол Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 4-1) тармақшасы негізінде жұмыстан шығарылған. Бұл норма қызметкердің кәсіби қызметіне қойылатын заң талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты еңбек шартын бұзуды көздейді.

Бірінші және апелляциялық инстанция соттары бастапқыда жұмыс берушінің әрекетін заңды деп таныған.

Алайда кассациялық сот емхананың дәрігердің кәсіби талаптарға сәйкес келмейтінін растайтын жазбаша және өзге де дәлелдер ұсынбағанын анықтады. Сонымен қатар медициналық ұйым тарапынан дәрігердің тікелей атқарған жұмысына қатысты шағым болмаған.

Осыған байланысты кассациялық сот бұған дейінгі сот актілерінің күшін жойып, дәрігердің талабын қанағаттандырды.

Нәтижесінде әйел жұмысына қайта алынды. Сондай-ақ оған мәжбүрлі жұмыссыз жүрген кезеңі үшін жалақы төленуі тиіс.