Жетісу облысында «Рақымшылық жасау туралы» заңның күшіне енуінен бері 19 204 адам әкімшілік жауапкершіліктен босатылды, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, заң 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген. Әкімшілік рақымшылық азаматтардың өтінішінсіз, қолданыстағы заңнамаға сәйкес автоматты түрде жүзеге асырылады.
Полицияның түсіндіруінше, рақымшылық әкімшілік құқықбұзушылықтардың барлық түріне емес, заңда белгіленген жекелеген санаттарға ғана қолданылады және азаматтарды заң талаптарын сақтаудан босатпайды.
– Рақымшылық – мемлекеттің ізгілік қағидатына негізделген шешімі. Ол азаматтарға өз әрекеттеріне баға беріп, алдағы уақытта заң талаптарын бұзбауға мүмкіндік береді, – деп мәлімдеді ведомство.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Олардың айтуынша, әрбір жүргізуші мен жаяу жүргіншінің жауапкершілігі жолдағы қауіпсіздікке тікелей ықпал етеді.
Полиция өңір тұрғындарын рақымшылықты заң бұзуға мүмкіндік ретінде емес, заң талаптарын қатаң сақтауға бастайтын жаңа мүмкіндік деп қабылдауға шақырды.
– Жол қозғалысы ережелерін сақтау – заң талабы ғана емес, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі, – деп атап өтті департамент өкілдері.
Еске салайық, 2026 жылғы 1 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Рақымшылық жасау туралы» заңға қол қойған болатын. Құжат қылмыстық және әкімшілік рақымшылықты жүзеге асырумен қатар, әкімшілік рақымшылықты цифрлық форматта іске асыру тетігін де қарастырады.