Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов «ДӨО алқабы» жобасы еліміздің цифрлық дамуы үшін маңызды екенін түсіндірді, деп хабарлайды ult.kz.
Деректер орталықтары жасанды интеллект пен цифрлық қызметтерді және жаңа деректер экономикасын дамытудың негізгі инфрақұрылымына айналатыны атап өтілді. Осыған байланысты Қазақстан үшін сыртқы есептеу қуатын пайдалану ғана емес, сонымен қатар өз инфрақұрылымын құру да маңызды.
«Қазіргі таңда барлық мемлекеттік органдардың деректері Астана қаласында бір ДӨО-да сақталып жатыр. Ол ДӨОнің қуаттылығы 6 МВт. Ал біз қазіргі таңда Екібастұзда жүргізіліп жатқан жұмыстың арқасында келесі жылдың бірінші жарты жылдығында 125 мегаваттық ДӨО-ны іске қосамыз. Және 2028 жылы дәл осындай 125 мегабаттық тағы бір ДӨО-ны іске қосамыз деген жоспарларымыз бар. Біз бұл жұмысты әрі қарай да жалғастырамыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бұл бағытқа халықаралық технологиялық компаниялар қызығушылық танытып отыр. Атап айтқанда, стратегиялық серіктесі NVIDIA болып саналатын Firebird-пен келісімдерге қол жеткізілді. Қарастырылып отырған инвестиция көлемі шамамен $10 млрд-ты құрайды.
Мұндай инфрақұрылымды дамыту Қазақстанға Цифрлық дербестікті нығайтуға, деректерді сақтау мен өңдеудің сенімділігін арттыруға, сондай-ақ АІ-есептеулерді, «бұлтты» сервистерді және цифрлық қызметтер экспортын одан әрі дамыту үшін негіз құруға мүмкіндік береді.