Freedom Inside '26

86 мың теңге айыппұл: Желіде боқтық сөз жазғандар жауапқа тартылады

86 мың теңге айыппұл: Желіде боқтық сөз жазғандар жауапқа тартылады
kerek.info

Қазақстанда онлайн-платформаларда балағат сөз қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Үкімет басшысының айтуынша, қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабына сәйкес қоғамдық орындарда балағат сөз айту, азаматтарға тиісу және қоғамдық тәртіпті бұзатын өзге де әрекеттер ұсақ бұзақылық ретінде бағаланады.

Мұндай құқық бұзушылық үшін 20 айлық есептік көрсеткіш (86 мың теңгеден астам) көлемінде айыппұл салу, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.

Олжас Бектеновтің мәліметінше, қазір «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне онлайн-платформалар және бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленген.

Құжатта ӘҚБтК-нің 434-бабын толықтырып, онлайн-платформаларда балағат сөз қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеу көзделіп отыр.