Маңғыстау облысында мұнай компаниясы ірі көлемдегі экологиялық заңбұзушылық үшін 474 миллион теңгеге жуық айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл туралы өңірлік прокуратура мәтімледі, деп хабарлайды ult.kz.
Қадағалау органының мәліметінше, Buzachi Operating Ltd филиалы бұрғылау жұмыстары барысында қауіпті қалдықтарды жинақтау лимитін айтарлықтай асырып жіберген. Тексеру нәтижесінде бұрғылау қалдықтарының көлемі белгіленген нормадан 513,2 тоннаға артық екені анықталған.
"Прокуратура актісі негізінде аталған компания ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 474 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды", делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда ірі арбитраждық және сот дауларының бір бөлігі жабық режимде қаралып жатқаны айтылған болатын. Солардың қатарында North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясына қатысты 2,3 триллион теңгелік экологиялық дау да бар.
Мәселе Қашаған кен орны аумағында күкірт сақтау лимиттерінің артуына байланысты туындаған. Тексеру деректеріне сәйкес, компания шамамен 1,2 миллион тонна күкіртті нормадан тыс сақтаған.
Бірінші сатыдағы сот мемлекеттің ұстанымын қолдағанымен, кейін шешім бірнеше рет қайта қаралған. Қазіргі таңда іс апелляциялық тәртіпте қаралып жатыр.