Бір сабаққа ғана қатысқан тұрғын автомектептен 46 мың теңгесін қайтарып алды, деп хабарлайды ult.kz.
Ақмола облысында автомектеп оқуын жалғастыра алмаған клиентке төленген қаражатты қайтарудан бас тартқан. Бұл туралы облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті хабарлады.
Тұрғын автомектептің оқу ақысын толық төлегенімен, тек бір сабаққа ғана қатысқан. Кейін дәлелді себептерге байланысты оқуын жалғастыра алмайтынын айтып, пайдаланылмаған сабақтардың ақысын қайтаруды сұраған.
Алайда автомектеп қаражатты ұзақ уақыт бойы қайтармай, клиенттің бірнеше өтінішін жауапсыз қалдырған. Сонымен қатар қайтару мерзімі түрлі себептермен бірнеше рет кейінге шегерілген.
Тұтынушы өз талабын растау үшін төлем түбіртектері мен автомектеп өкілдерімен жазысқан хат-хабарларын ұсынған.
Департамент мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін автомектеп клиентке 46 мың теңгені толық көлемде қайтарып берген.